Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық Банк басшылығының екінші деңгейдегі банктердің басшыларымен және Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының өкілдерімен кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берілген экономиканы кредиттеу және капитал нарығының мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мәселелерін, сондай-ақ қаржы секторының өзге де өзекті мәселелерін талқылады.
Екінші деңгейдегі банктердің бизнеске инвестициялық кредит беруін кеңейту үшін, оның ішінде «Халықтық құрылыс» бағдарламасы мен «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында, тиісті реттеушілік жағдайлар жасау қажеттігі атап өтілді.
Сондай-ақ «Капитал нарығы туралы» заң жобасына жеке кәсіпорындарды биржалық құралдарды белсенді пайдалануға ынталандыру, қаржыландырудың қосымша көздерін жұмылдыру және инвестициялық тәртіпті нығайту тетіктерін енгізу мәселесіне ерекше назар аударылды.
Кездесудің жеке бір бөлігі цифрлық активтер нарығы мен токенизацияны дамытуға, оларды реттеудің теңгерімді тәсілдерін қалыптастыруға, сондай-ақ Қазақстан рейтингтік агенттігінің қызметіне арналды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға дайын екендіктерін растады. Президент тапсырмаларын орындау шеңберіндегі бірлескен жұмыс бизнесті қаржыландыру ауқымын кеңейтуге, капитал тартудың баламалы арналарын дамытуға және цифрлық активтер нарығының орнықты дамуына қажетті жағдайлар қалыптастыруға бағытталатын болады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









