Агенттік басшысы депутаттарға Капитал нарығын дамыту бағдарламасын және жаңа Заңның ережелерін таныстырды

    1 / 4

    Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова Құрылтайдың Қаржы және бюджет комитетінің «Бизнес үшін ұзақ мерзімді қаржыландырудың қолжетімділігі: Қазақстан капитал нарығы мүмкіндіктерінің практикалық аудиті» тақырыптық отырысында сөз сөйледі. Отырыс Ұлттық Банк, Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы, KASE, АХҚО, «Атамекен» ҰКП басшылығының қатысуымен Құрылтай Төрағасының орынбасары Дания Еспаеваның төрағалық етуімен өтті.

    Сөз сөйлеу барысында Агенттік басшысы депутаттарға Мемлекет басшысының тапсырмасымен Агенттік Ұлттық Банкпен бірлесіп әзірлеген және бекіткен Капитал нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасының негізгі бағыттарын, сондай-ақ «Капитал нарығы туралы» Заң жобасының негізгі ережелерін ұсынды.

    Мемлекет басшысының 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауында жинақталған қаржы ресурстарын экономиканың нақты секторына жұмсау міндеті қойылған. Банктердің, даму институттарының және халықаралық қаржы ұйымдарының қатысуымен экономиканың негізгі салаларына ұзақ мерзімді кредит берудің жаңа тетіктерін іске қосу тапсырылды. Капитал нарығының мүмкіндіктерін едәуір кеңейту және жеке кәсіпорындарды биржалық құралдарды белсенді пайдалануға ынталандыру қажеттілігі атап өтілді.

    Банктердің кредит беруімен қатар, акциялар нарығы бизнесті ұзақ мерзімді қаржыландыру көзі болып табылады. Соңғы бес жылда оның капиталдандырылуы екі еседен астам – 2021 жылғы 19,1 трлн теңгеден 2025 жылы 41,8 трлн теңгеге дейін өсті. Облигациялар нарығы экономиканы қаржыландыруда маңызды рөл атқарады. 2025 жылы ол арқылы 17 трлн теңге тартылды, оның ішінде бюджетті қаржыландыру үшін облигациялардың жалпы көлемінің 59% пайызына мемлекеттік бағалы қағаздар және инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін 30% пайызына квазимемлекеттік сектор облигациялары шығарылды.

    Агенттік Төрағасы әзірленген Капитал нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасының 7 стратегиялық бағытты көздейтінін, олар 35 бастама мен 173 іс-шарадан тұратынын атап өтті.

    Бірінші бағыт зейнетақы активтерін басқарудың бәсекелестік моделін дамыту және инвестициялық қорлардың рөлін кеңейту есебінен институционалдық инвесторлар аясын кеңейтуді көздейді.

    Екіншіден, секьюритилендіруді қоса алғанда, борыштық бағалы қағаздар нарығын дамыту және туынды қаржы құралдары арқылы тәуекелдерді хеджирлеу мүмкіндіктерін кеңейту жоспарлануда.

    Үшінші бағыт көптеген жеке компаниялардың капитал нарығына шығуына бағытталған. Ол үшін корпоративтік облигацияларды шығаруды және IPO-ға дайындықты жеңілдету ұсынылады.

    Төртінші бағыт шеңберінде қайталама нарықтың өтімділігін арттыру үшін еркін айналыстағы акциялар үлесін ұлғайту және маркет-мейкингті дамыту ұсынылады.

    Бесіншіден, цифрлық қаржы активтерін, ESG-облигацияларды және исламдық бағалы қағаздарды дамыту компанияларға көп инвесторлардың қаражатын тартуға мүмкіндік береді.

    Алтыншы бағыт дәрменсіздік пен қайта құрылымдауға қатысты. Эмитент қаржылық қиындыққа тап болған кезде компания мен кредиторларға қайта құрылымдау жоспарын алдын-ала келісуге және оны жедел мақұлдау үшін сотқа ұсынуға мүмкіндік беру ұсынылады.

    Жетінші бағыт шеңберінде бағалы қағаздар нарығына қатысушыларды тәуекелге бағдарланған қадағалаудың толыққанды жүйесін енгізу, сондай-ақ айла-шарғының және теріс пайдаланудың жолын кесу шараларын күшейту көзделеді.

    Бағдарлама шеңберінде ұлттық юрисдикция мен АХҚО-ның реттеушілік талаптарын жақындастыру көзделеді. Екі юрисдикцияның талаптары салыстырылады, ал оларды жақындастырудың басымдықтары анықталған айырмашылықтардың эмитенттердің, кәсіби қатысушылар мен инвесторлардың шешімдеріне, бәсекелестік шарттарына, инвесторларды қорғауға және қаржылық тұрақтылыққа әсерін ескере отырып айқындалады.

    Мемлекет басшысының тапсырмасымен Агенттік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп «Капитал нарығы туралы» жаңа Заң жобасын да әзірледі.

    Біріншіден, ұғымдар аппараты нақтыланады және реттеу саласы кеңейтіледі. Заң жобасы бағалы қағаздар нарығы, туынды қаржы құралдары мен цифрлық қаржы активтері үшін жалпы қағидаларды белгілейді. Ол сондай-ақ мәмілелер бойынша сауда-саттықты, клирингті және есеп айырысуларды қамтамасыз ететін ұйымдардың функцияларын айқындайды.

    Екіншіден, бағалы қағаздарды шығару рәсімі оңайлатылады. Эмитент құжаттарды Орталық депозитарийдің бірыңғай терезесі арқылы ұсына алады. Нарықта бұрыннан бар компаниялар үшін оңайлатылған және негіздемелік проспектілер көзделген. Атап айтқанда, негіздемелік проспект облигациялық бағдарламаның жалпы шарттарын бір рет бекітуге және кейінгі шығарылымдарды тезірек орналастыруға мүмкіндік береді.

    Үшіншіден, инвесторларды қорғау күшейтіледі. Брокерлер үшін клиенттердің тапсырыстарын олар үшін ең тиімді шарттармен орындау талабы енгізіледі. Ақпаратты ашып көрсетуге қойылатын бірыңғай талаптар инвесторларға мәмілелердің, соның ішінде биржадан тыс нарықтағы шарттарын салыстыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ инсайдерлік сауда-саттыққа және бағаны айла-шарғы жасауға қарсы іс-қимыл шаралары көзделген.

    Жаңа жіктеуде бөлшек инвесторлар жеке санатқа бөлінеді. Заңда көзделген жағдайларда олар бағалы қағаздарды сатып алудан бас тарта алады немесе бір жыл ішінде оларды кері сатып алуды талап ете алады. Бөлшек облигацияларды ұстаушылардың мүдделерін олардың өкілі қорғайтын болады.

    Заң жобасы нарық инфрақұрылымының функцияларын да нақтылайды. Ол сауда алаңы мен биржа ұғымдарының аражігін ажыратады, KASE жанынан реттеушілік комитет пен биржалық төрелікті құруды көздейді. Заң жобасы нарықтың инфрақұрылымдық ұйымдары мен ірі клирингтік қатысушыларын қадағалауды күшейтеді.

    Бизнес үшін борыш құралдарын таңдау, оның ішінде инфрақұрылымдық және мерзімсіз облигациялар, сондай-ақ биржалық ноттар есебінен кеңейтіледі. Заң жобасы ESG-облигациялардың қағидаларын айқындайды, исламдық бағалы қағаздарының тізбесін кеңейтеді және туынды қаржы құралдарымен әрі екінші және үшінші типтегі цифрлық активтермен жасалатын операцияларды қамтиды.

    Агенттік Төрағасы Бағдарламаны және «Капитал нарығы туралы» жаңа Заңды қабылдау бизнестің ұзақ мерзімді қаржыландыруды тарту мүмкіндіктерін кеңейтуге, экономикаға жеке инвестициялардың әкелінуін арттыруға және инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейтуге жағдай жасайтынын атап өтті. Заң жобасын Құрылтайға енгізу 2026 жылдың желтоқсанына жоспарланған.

    Баяндамадан кейін Агенттік басшысы Құрылтай депутаттарының экономиканы кредиттеуде капитал нарығының рөлін кеңейту, компанияларды ІРО-ға шығуға ынталандыру, зейнетақы жинақтарын жеке басқарушыларға беру және басқаларға қатысты сұрақтарына жауап берді.

    Отырыс барысында Ұлттық Банк, Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы, KASE және «Атамекен» ҰКП-ның басшылары да сөз сөйлеп, Бағдарлама мен жаңа заң жобасының негізгі ережелерін қолдады.

    Сыртқы коммуникациялар басқармасы

    [email protected]

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі" жаңалықтары