Агенттік басшысы Қазақстанның Еуропалық бизнес-қауымдастығының іс-шарасында сөз сөйледі

    Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова еліміздің қаржы нарығын дамытудың өзекті мәселелері мен перспективаларына арналған Қазақстанның Еуропалық бизнес-қауымдастығының (EUROBAK) іс-шарасына қатысты.

    Сөз сөйлеу барысында Агенттік басшысы қаржы және сақтандыру нарықтарын дамытудың негізгі нәтижелерін, сондай-ақ Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленген Капитал нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасында көзделген реформалардың басым бағыттарын ұсынды.

    Қаржы нарығы тұрақты өсуді көрсетіп отыр. Соңғы 5 жылда акциялар нарығын капиталдандыру 2 еседен астам – 74 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайды, бұл елдің ЖІӨ-нің 27%-ын құрайды. KASE-де сатылатын корпоративтік облигациялар көлемі 26 млрд АҚШ долларын немесе ЖІӨ-нің 10%-ын құрады. Бұл ретте бөлшек инвесторлардың айтарлықтай өсуі байқалады, Орталық депозитарийдің номиналды ұстау жүйесіндегі шоттар саны 137 мың шоттан 4,5 млн-нан астам шотқа дейін өсті.

    Сақтандыру секторында да оң серпін байқалады. Бес жыл ішінде сақтандыру ұйымдарының активтері екі есеге артып, 3,9 трлн теңгеге жетті, ал сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 699 млрд теңгеден 1,7 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Жиынтық сақтандыру сыйлықақыларының жартысынан көбі өмірді сақтандыруға тиесілі. Бұл ретте сақтандыру сыйлықақыларының ЖІӨ-ге қатынасы 0,83%-дан 1,12%-ға дейін өсті.

    Сонымен қатар, қаржы құралдары мен сақтандыру өнімдерінің желісі кеңейтілуде, нарықтық инфрақұрылым жаңғыртылуда және Solvency II және ХҚЕС 17 қоса алғанда, халықаралық стандарттарды ескере отырып, қадағалап реттеу жүйесі жетілдірілуде.

    Агенттік реформаларының келесі кезеңі 2030 жылға дейін екі кешенді даму бағдарламасын – капитал нарығын және сақтандыру нарығын іске асыру болады. Бағдарламаларды Мемлекет басшысының Үкіметтің 2026 жылғы 10 ақпанда кеңейтілген отырысында берілген тапсырмаларын орындау үшін Агенттік Ұлттық Банкпен бірлесіп әзірледі.

    Оларды дайындау кезінде тиісті секторларға кешенді талдау жүргізілді, халықаралық сарапшылар тартылды және ЕҚДБ техникалық қолдауы пайдаланылды. Жаңа бағдарламаларды іске асырудың маңызды шарты заңнамалық базаны жетілдіру болады. Агенттік секторларды одан әрі дамыту үшін заманауи және кешенді құқықтық негіз қалыптастыратын «Капитал нарығы туралы» және «Сақтандыру нарығы туралы» жаңа заңдардың жобаларын дайындады. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын орындау үшін заң жобаларын Құрылтайдың қарауына 2026 жылдың соңына дейін енгізу жоспарлануда.

    Агенттік басшысы қаржы секторын одан әрі дамытуға бағытталған ауқымды және кешенді құжаттарды әзірлеу кезінде халықаралық ынтымақтастық пен сараптамалық қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты Агенттік қаржы нарығын дамыту бағдарламаларын іске асыру бойынша сараптамалық ұсынымдар мен практикалық ұсыныстар алу үшін халықаралық ұйымдармен одан әрі ынтымақтастыққа ашық.

    2030 жылға дейінгі бағдарламаларды іске асыру қаржы секторының орнықтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, ұзақ мерзімді инвестициялар тарту мүмкіндіктерін кеңейтуге және оның экономиканы дамытуға қосқан үлесін күшейтуге мүмкіндік береді.

    Сыртқы коммуникациялар басқармасы

    [email protected]

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі" жаңалықтары