Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова ХВҚ-ның жыл сайынғы миссиясы аясында ХВҚ-ның Қазақстан бойынша миссиясының басшысы Амина Ларешпен кездесті.
Тараптар қаржы секторының ағымдағы жай-күйі мен даму перспективаларын, оның ішінде банк жүйесінің орнықтылығын, активтердің сапасын, сондай-ақ стресс-тестілеу нәтижелерін талқылады. Кездесу барысында Қазақстанның банк секторы халықаралық стандарттарға сәйкес әзірленген төлемге қабілетсіз банктерді реттеудің жаңа тетігін енгізуді ескере отырып, жоғары орнықтылықты сақтап отырғаны атап өтілді.
2024 жылғы Қаржы секторын бағалау бағдарламасы (FSAP) бойынша ұсынымдарды іске асыруға ерекше назар аударылды. Бүгінгі күні Базель комитетінің негізгі қағидаттарына сәйкестікті қамтамасыз етуге бағытталған ұсынымдарды іске асыру жөніндегі жол картасы толығымен орындалды. Негізгі реформалар банк топтары деңгейінде қадағалауды нығайтты, тәуекелдерді басқару және капиталды бағалау тетіктерін жетілдірді, сондай-ақ резервтерді қалыптастыру мен байланысты тұлғалармен операциялар жүргізудің барынша қатаң қағидаларын енгізді. Нәтижесінде Қазақстанның реттеуші және қадағалау жүйесі барынша тәуекелге бағдарланған, ашық және озық халықаралық практикаға сәйкес болды.
Сондай-ақ, Банктер туралы жаңа заң шеңберінде банктерді реттеу және қадағалау жүйесін кешенді жаңарту бойынша ауқымды жұмыс атап өтілді. Бүгінгі күні банк реформасының негізгі нормативтік базасы қалыптасты: банк қызметін реттеудің негізгі бағыттарын қамтитын 80-нен астам нормативтік құқықтық актілер әзірленіп, қабылданды.
Базалық және әмбебап банктік лицензияларды көздейтін реттеудің пропорционалды моделі енгізілді, корпоративтік басқару мен тәуекелдерді басқару жүйелеріне қойылатын талаптар күшейтілді, іс-қимылды қадағалау жүйесі енгізілді және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау тетіктері кеңейтілді. Бұдан басқа, төлемге қабілетсіз банктерді қалпына келтіру мен реттеудің жаңа моделі қалыптастырылды, сондай-ақ банктерді қадағалаудың тәуекелге бағдарланған моделіне көшу қамтамасыз етілді.
Сондай-ақ тараптар тұтынушылық және ипотекалық кредиттеу және байланысты тараптарды кредиттеу мәселелерін, оның ішінде шамадан тыс борыш жүктемесін болғызбау және проблемалық берешекті реттеу шараларын талқылады.
Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Агенттік капитал және сақтандыру нарықтарын реформалауды жүргізуде – 2030 жылға дейін тиісті даму бағдарламаларының жобалары әзірленді және оларды одан әрі тиімді іске асыру үшін заңнамалық база дайындалды.
Кездесу қорытындысы бойынша тұрақты диалогтың маңыздылығы атап өтілді және ХВҚ тарапынан техникалық көмек көрсету бөлігінде, оның ішінде бағалы қағаздар нарығын дамыту, тәуекелге бағдарланған қадағалауды жетілдіру, іс-қимылды қадағалау тәсілдерін дамыту бойынша негізгі бағыттар белгіленді.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









