Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басқармасы «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігі Басқармасының қаулыларына зейнетақы активтерін басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2026 жылғы 30 қазанда № 155 қаулыны қабылдады
Негізгі өзгеріс – зейнетақы жинақтарын жеке басқарушыларға (инвестициялық портфельді басқарушы - ИПБ) беретін салымшылар өздерінің жасына және тәуекелге дайындығына қарай инвестициялау стратегиясын өздері таңдай алады.
Бұрын әрбір ИПБ жасына қарамастан барлық клиенттер үшін бір ортақ портфельді қалыптастырды.
Енді қабылданған өзгерістер ИПБ-ға әрбір салымшыға үш портфельге дейін ұсынуға мүмкіндік береді:
- консервативті - жасына қарамастан, барлығына қолжетімді. Негізінен облигацияларға бағдарланған. Басқарушының нәтижесі әрбір жылдың қорытындысы бойынша бағаланады;
- қалыпты - зейнет жасына дейін 3 жжылдан астам уақыт қалған адамдар үшін. Акциялар мен облигацияларды үйлестіреді. Нәтижесі 3 жылдың қорытындысы бойынша бағаланады;
- қатерлі - зейнет жасына дейін 13 жылдан астам уақыт қалған адамдар үшін. Негізінен акцияларға бағдарланған: ықтимал кірііс жоғары, бірақ құнның ауытқуы одан да күшті. Нәтижесі 5 жылдың қорытындысы бойынша бағаланады.
Зейнетке қаншалықты уақыт ұзақ қалса, инвестициялау көкжиегі соғұрлым ұзаққа созылып, нарықтағы ауытқулар соғұрлым жақсы «тегістеледі». Зейнет жасына жақындауына қарай жинақтардың сақталуы басымдыққа ие болады.
Әрбiр портфель үшiн өзiнiң бағдары - Қазақстандық және әлемдiк акциялар мен облигациялардың жиынтық нарықтық индексi белгiленген, онымен басқарушының нәтижесi салыстырылады - және ең төменгi кiрiстiлiк. Ең аз дегенде консервативтік портфель үшін бағдардың кірістілігінің 90%-ын, қалыпты портфель үшін - 85%-ын және қауіпті портфель үшін - 80%-ын құрайды. Егер кезең қорытындысы бойынша кірістілік ең төменгі деңгейден төмен болса, басқарушы салымшыларға айырманы меншікті капиталы есебінен өтейді.
Бұдан бөлек, әрбір портфель үшін шетел валютасындағы инвестициялар үлесі шектелген: консервативті портфельде 40%-дан, қалыпты портфельде 70%-дан және тәуекелді портфельде 80%-дан аспайды.
Жинақтарды бірнеше басқарушы арасында немесе бір басқарушының бірнеше портфелі арасында бөлуге болады. Дәл сол басқарушының басқа портфеліне ауысу БЖЗҚ сайты арқылы берілетін өтініш негізінде жылына бір реттен жиі емес жүзеге асырылуы мүмкін. Салымшының жасы портфельге сәйкес келмей қалған кезде, БЖЗҚ жинақтарды сол басқарушының қолайлы портфеліне өзі аударады. Егер мұндай портфель болмаса, БЖЗҚ салымшы басқа басқарушыны таңдай алуы немесе жинақтарды Ұлттық Банктің басқаруына қайтара алуы үшін оны алдын ала хабардар етеді.
Әрбір портфельдің қаражаты кастодиан-банктегі жеке шоттарда есепке алынады және басқарушы әрбір портфельдің нәтижесі үшін жеке жауап береді. Зейнетақы активтерін инвестициялауға рұқсат етілген құралдардың тізбесі сақталады.
Басқарушы портфельді бағалау кезеңі аяқталғаннан кейін ғана, бұл туралы бір жыл бұрын ескерте отырып және оның иелігінде кем дегенде бір портфель қалған жағдайда ғана жаба алады. Бұған дейін ол ең төменгі кірістілікке дейінгі айырмашылық туындаған жағдайда, оны салымшыларға өтейді.
Еске сала кетейік, 2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап салымшылар зейнетақы жинақтарының 100%-ына дейін (бұрын – 50%-ына дейін) ИПБ басқаруына бере алады. Бүгінгі таңда зейнетақы активтерін алты ИПБ басқарады: «Alatau City Invest» АҚ, «BCC Invest» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ, «Halyk Finance» АҚ, «Сентрас Секьюритиз» АҚ және «Tansar Capital» АҚ. 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша олардың басқаруында 205,8 млрд теңге (208 000-нан астам салымшы) болды.
Өз жасына қарай стратегияны таңдау мүмкіндігі зейнетақы жинақтарының ұзақ мерзімді кірістілігінің өсуіне ықпал етеді және басқарушылар арасындағы бәсекелестікті күшейтеді деп күтілуде.
Қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Құжаттың мәтінімен Агенттіктің сайтында танысуға болады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









