Зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша сатып алу сомасын есептеу кезінде инвестициялық кіріс сомасын есепке алу туралы

    Зейнетақы аннуитеті адамға өмір бойы, оның ішінде Заңда көзделген шарттарды сақтай отырып, жалпыға бірдей белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін тұрақты төлемдер алуға мүмкіндік береді. Ол үшін зейнетақы жинақтарының бір бөлігі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) шарт бойынша өмір бойы төлемдерді жүзеге асыруға міндеттеме алатын өмірді сақтандыру компаниясына (ӨСК) аударылады.

    БЖЗҚ-дан қолда бар зейнетақы жинақтары шегінде жүргізілетін төлемдерден айырмашылығы, зейнетақы аннуитеті бойынша төлемдер өмір бойы жалғасады. Осылайша, ӨСК адамның жинақталуы жеткілікті болатын кезеңнен ұзақ өмір сүру тәуекелін өзіне алады.

    Зейнетақы аннуитетінің басты міндеті – адамның болашақта орнықты кірісін қамтамасыз ету. Сондықтан шарт бойынша қаражат ең алдымен кейінгі төлемдерді қаржыландыру үшін пайдаланылуы маңызды.

    Заңнама зейнетақы аннуитетінің иесіне сақтандыру компаниясын өзгертуге мүмкіндік береді. Бұл жағдайда сатып алу сомасы, яғни бұрынғы шарт тоқтатылған кезде айқындалатын және қаражатты жаңа сақтандырушыға аудару кезінде ескерілетін сома есептеледі.

    Оны есептеудің бұрын белгіленген тәртібі сақтандыру ұйымы алған инвестициялық кірісті есепке алуды көздемеген. Нәтижесінде нарықта клиентке басқа ӨСК-ға көшу кезінде инвестициялық кіріс есебінен біржолғы төлем түрінде қаражаттың бір бөлігін ұсына алатын практика пайда болды.

    Бір қарағанда, мұндай ұсыныс тартымды болып көрінді, бірақ алдын ала алынған қаражат болашақ зейнетақы төлемдерін қалыптастыруға қатыспады. Сақтандырушыны кейіннен ауыстыру кезінде аз сома аударылды, нәтижесінде жаңа шарт бойынша төлемдер мөлшері алдыңғыға қарағанда төмен болуы мүмкін. Осылайша, қысқа мерзімді пайда өмір бойғы зейнетақы кірісінің төмендеуіне әкелуі мүмкін.

    Жаңа тәртіп инвестициялық кірісті сатып алу сомасының есебіне қосуды көздейді. Ол белгіленген әдістеме бойынша тиімді жылдық кірістілік мөлшерлемесіне негізделе отырып анықталады. Осының арқасында ӨСК ауысқан кезде инвестициялық кіріс зейнетақы міндеттемелерін орындауға арналған қаражатта ескерілетін болады және ауысуға ынталандыру ретінде бөлек төленбейді. Бұл шарттың құнын неғұрлым толық ескеруге және болашақ зейнетақы төлемдерінің мөлшерін қолдауға мүмкіндік береді. Бұл ретте мәселе адамның қолына инвестициялық кіріс беру туралы емес, оны зейнетақы аннуитетін қамтамасыз ететін қаражат құрамында сақтау туралы болып отыр.

    Агенттік Басқармасының тиісті қаулысы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

    Сыртқы коммуникациялар басқармасы

    [email protected]

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі" жаңалықтары