2026 жылғы 30 қазанда Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы «Сақтандыру қызметін реттеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының қаулыларына өзгерістер енгізу туралы» № 156 қаулы қабылдады.
Қаулы сақтандыру қызметін реттеуді жетілдіру, сақтандыру қызметтерінің ашықтығын арттыру, сақтандыру қорғанысының жекелеген тетіктерін нақтылау және нормативтік құқықтық актілерді Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес келтіру мақсатында әзірленді.
Негізгі өзгерістердің бірі – сақтандыру агенттеріне төленетін комиссиялық сыйақы мөлшерін ашып көрсету талабын енгізу.
Атап айтқанда, сақтандыру полисінде сақтандыру агентінің комиссиялық сыйақысының нақты мөлшерін теңгемен және сақтандыру сыйлықақысына шаққандағы пайыздық мөлшерде міндетті түрде көрсету көзделеді. Бұл тұтынушыларға сақтандыру өнімін ресімдеуге байланысты шығыстар туралы неғұрлым толық ақпарат алуға, оның талаптарын жақсырақ түсінуге, сондай-ақ сақтандыру ұйымы мен қызметін таңдау кезінде неғұрлым негізделген шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Қаулымен зейнетақы аннуитеті шарттары мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда сатып алу сомасын айқындау тәртібі жетілдіріледі. Атап айтқанда, сатып алу сомасын есептеу кезінде шарт бойынша қалыптастырылған инвестициялық кірісті ескеру көзделеді. Бұл өзгерістер сатып алу сомасын есептеу тетігінің ашықтығын арттыруға және сақтанушылардың мүддесі үшін шарт бойынша қаржылық нәтижелерді неғұрлым толық ескеруге бағытталған.
Актуарлық инфрақұрылымды дамыту мақсатында қаулыда «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ның меншікті активтері есебінен құрылатын заңды тұлғалар жүзеге асыра алатын қызмет түрлерінің тізбесі де кеңейтіледі. Атап айтқанда, мұндай заңды тұлғалардың актуарлық қызметті жүзеге асыру мүмкіндігі көзделеді. Бұл сақтандыру өнімдерін әзірлеу және олардың талаптарын айқындау кезінде пайдаланылатын актуарлық есептеулер мен кәсіби сараптаманың сапасын арттыруға, сондай-ақ сақтандыру нарығының орнықты дамуына ықпал етеді.
Сонымен қатар қаулымен нормативтік құқықтық актілердегі терминология Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексіне сәйкес өзектендіріледі.
Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Құжаттың толық мәтінімен Агенттіктің интернет-ресурсында танысуға болады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








