2026 жылғы 4-7 қараша аралығында Әзербайжан Республикасының Баку қаласында өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша ерлер арасындағы XXI және әйелдер арасындағы XII әлем чемпионаттары өтеді. Халықаралық жарысқа әлемнің 20-дан астам елінен 14 ерлер және 7 әйелдер командасы қатысады.
Қазақстан Республикасының атынан алдағы чемпионаттарда Төтенше жағдайлар министрлігінің ерлер және әйелдер ұлттық құрамалары өнер көрсетеді.
Спортшылар төрт дисциплина бойынша кәсіби шеберлігін, дене дайындығын, жылдамдығын, төзімділігін және командалық үйлесімділігін көрсетеді. Олар оқу-жаттығу мұнарасының терезесіне шабуыл сатысымен көтерілу, 100 метрлік кедергілер жолағынан өту, 4×100 метрлік өрт сөндіру эстафетасы және жауынгерлік қанат жаю жаттығулары бойынша сынға түседі.
Алдағы чемпионаттар өрт сөндіру-құтқару спортының үздік өкілдерін біріктіретін маңызды халықаралық спорттық оқиға болмақ. Қазақстанның ұлттық құрамалары үшін бұл - жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, жүлделі орындар үшін күресуге және ел намысын әлемдік аренада абыроймен қорғауға берілген мүмкіндік.
Спортшыларымызға сәттілік, өз күштеріне сенімділік және жаңа спорттық жетістіктер тілейміз!
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








