18 жастан асқан адамдарға мүгедектікті 5 жыл мерзімге белгілеу тәртібі туралы
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 260 бұйрығымен бекітілген Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларының 7-2-қосымшасында мүгедектікті 5 жыл мерзімге белгілеуге негіз болатын аурулар мен кемістіктердің тізбесі қарастырылған.
Оларға келесі аурулар мен жағдайлар жатады:
- Тыныс алу және қанайналым жүйесінің аурулары. Тыныс алу жеткіліксіздігінің III дәрежесі, өкпе-жүрек жеткіліксіздігі, сондай-ақ ауыр функционалдық бұзылыстармен жүретін қанайналым жүйесінің аурулары.
- Жүйке жүйесінің аурулары. Созылмалы үдемелі неврологиялық аурулар, паркинсонизм плюс және ми қан тамырлары аурулары салдарынан туындайтын тұрақты айқын функционалдық бұзылыстар.
- Қант диабеті. Ағзалар мен жүйелердің айқын бұзылыстарымен, соның ішінде ауыр тамырлық асқынулармен, ретинопатиямен және бүйрек зақымдануымен қатар жүретін жағдайлар.
- Стомалар. Жойылмайтын нәжістік және несептік илеостома, колостома және жасанды несеп шығару жолдары.
- Ісіктер. Қолайсыз болжамы бар, емдеуге келмейтін немесе үдейтін қатерлі ісіктер, метастаздар, сондай-ақ операция жасау мүмкін емес және айқын функционалдық бұзылыстарға әкелетін кейбір қатерсіз ісіктер.
- Бүйректің созылмалы аурулары. Бүйректің созылмалы ауруының V сатысы, оның ішінде бүйрек трансплантациясынан кейінгі жағдайлар.
- Жүйелі ревматологиялық аурулар. Буындар функциясының айқын бұзылуымен жүретін ревматоидты артрит, анкилозды спондилоартрит және жайылған полиостеоартроз.
- АИТВ-инфекциясы және қан аурулары. Ағзалар мен жүйелердің айқын бұзылыстарымен жүретін АИТВ-инфекциясының IV клиникалық сатысы және ауыр дәрежелі апластикалық анемия.
- Психикалық бұзылыстар. Орташа дәрежедегі ақыл-ой кемістігі, айқын функционалдық бұзылыстармен сипатталатын шизофрения және аутизмге байланысты белгілі бір жағдайлар.
- Көру қабілетінің бұзылуы. Жақсы көретін көздің көру өткірлігі 0,03-ке дейін төмендеген немесе көру өрісі 10 градусқа дейін тарылған, сондай-ақ көру өткірлігі 0,04–0,08 аралығында болып, көру өрісі 20 градусқа дейін тарылған жағдайлар.
- Эпилепсиялық жағдайлар. Жиі ұстамалармен, эпистатуспен немесе ұстамалардың сериялы ағымымен және интеллектуалдық функциялардың айқын бұзылуымен сипатталатын жағдайлар.
- Бас сүйек ақаулары. Краниопластика жасауға келмейтін, ауданы 12 шаршы сантиметр және одан көп бас сүйек сүйегінің ақаулары.
Мүгедектікті 5 жыл мерзімге белгілеу кезінде диагноздың болуы ғана емес, аурудың ағымы, организм функцияларының бұзылу дәрежесі және тіршілік-тынысының шектелуі ескеріледі. Әрбір шешім қолданыстағы Қағидаларға сәйкес, медициналық құжаттар мен сараптамалық бағалау негізінде жеке қабылданады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.







