Астана қаласында күрес түрлерінен өтіп жатқан әлем чемпионаты аясында елордаға әлемнің әр түкпірінен спортшылар мен жанкүйерлер, сондай-ақ шетелдік туристер келуде. Халықаралық деңгейдегі спорттық дода кезінде туристік полиция қызметкерлері шетелдік қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, оларға жан-жақты көмек көрсетіп, Қазақстанның мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын таныстыруда.
Мәселен, Германиядан келген туристер туристік полиция қызметкерлеріне жүгініп, қазақ халқының ұлттық тағамдары туралы толығырақ ақпарат алуға қызығушылық танытты. Полицейлер қонақтарға қазақ асханасының ерекшеліктері, ұлттық тағамдардың дайындалу тәсілдері мен олардың халқымыздың тұрмыс-тіршілігіндегі орны туралы әңгімелеп берді. Осылайша, шетелдік туристер Қазақстанның гастрономиялық мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.
Тағы бір жағдайда Жапониядан келген турист жоғалған күртешесін іздеп, туристік полиция қызметкерлерінен көмек сұрады. Полицейлер қажетті шараларды ұйымдастырып, нәтижесінде жоғалған зат табылып, иесіне қайтарылды. Өз кезегінде жапониялық турист көрсетілген жедел көмек пен ілтипатқа ризашылығын білдіріп, Астана қаласының полиция қызметкерлеріне алғысын жеткізді.
Айта кетейік, туристік полицияның басты міндеттерінің бірі – елорда қонақтарына қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру, шетелдік азаматтарға қажетті ақпараттық және практикалық көмек көрсету. Қызметкерлер туристердің сұрақтарына жауап беріп, қаладағы көрікті жерлер, мәдени нысандар мен ұлттық дәстүрлер туралы ақпарат беруге әрдайым дайын.
Мұндай игі істер халықаралық іс-шаралар кезінде Қазақстанның қонақжай ел ретіндегі беделін арттыруға ықпал етеді. Өйткені туристердің ел туралы жағымды әсері тек спорттық жетістіктермен ғана емес, оларға көрсетілген қамқорлық пен адамгершілік қарым-қатынаспен де қалыптасады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








