Рейдтер, тексерулер және профилактика: полиция «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде

    Елордада кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға, балалардың қараусыз және панасыз қалуына жол бермеуге, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, сондай-ақ қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
    Іс-шара аясында полиция қызметкерлері жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтау, көшелер мен қоғамдық орындарда жасалатын бұзақылық әрекеттердің жолын кесу, сондай-ақ балаларға қатысты құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу мақсатында рейдтік және профилактикалық жұмыстар жүргізуде.
    Жедел-профилактикалық іс-шара барысында 90-ға жуық құқық бұзушылық анықталды. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына қатысты 66 дерек, ата-аналардың бала тәрбиесі жөніндегі міндеттерін орындамауының 14 дерегі, сондай-ақ кәмелетке толмаған тұлғаға темекі өнімдерін сату фактісі тіркелді.
    Сонымен қатар патрульдеу барысында полиция қызметкерлері кәмелетке толмаған жасөспірімнің ұсақ бұзақылық әрекетін анықтады. Жасөспірім темекі шегіп, темекі тұқылын жерге тастаған және қоғамдық орында түкірген.
    Аталған факті бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімге қатысты ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, 7 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
    Полиция балалардың тәрбиесі мен қауіпсіздігіне ата-аналар мен заңды өкілдердің де жауапты екенін еске салады. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жалғасуда.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының Полиция департаменті" жаңалықтары