Алматы қаласының Медеу ауданында күрделі жөндеуден кейін екі білім беру мекемесі — Қ. Сәтпаев атындағы №56 гимназия мен №17 мектеп-интернат қайтадан өз есігін ашты. Екінші оқу тоқсанын жаңартылған ғимараттарда 1 566 бала бастады, олардың ішінде 1 400 оқушы гимназияда, ал 166 тәрбиеленуші мектеп-интернатта білім алуда.
Модернизация аясында №56 гимназияда оқу кабинеттері, физика және химия зертханалары толығымен жаңартылып, заманауи STEM-кабинет пен робототехника кабинеті іске қосылды. Барлық сыныптар жаңа жиһаздармен және жаңа компьютерлік техникамен жабдықталды. Сонымен қатар мектептің инфрақұрылымы да айтарлықтай өзгерді: спорт залы кеңейтіліп, кітапхана жаңғыртылды, кең әрі заманауи акт залы жасақталды. Айналадағы аумақта футбол және баскетбол алаңдары, сондай-ақ жүгіру жолағы жаңартылды.
№17 мектеп-интернатта білім беру процесімен қатар, балалардың тұру жағдайына да ерекше көңіл бөлінді. Бұнда ұйықтайтын бөлмелер толықтай жаңартылып, жаңа жиһаздар орнатылды, 120 орындық асхана жаңғыртылып, балалар үшін бес мезгіл ыстық тамақ ұйымдастырылды. Оған қоса, тарих, биология және ағылшын тілі кабинеттері заманауи құралдармен және интерактивті тақталармен жабдықталып, спорт залы мен сыртқы алаң толығымен жаңарды.
Күрделі жөндеудің маңызды бағыттарының бірі — білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін арттыру болды. Осы орайда №17 мектеп-интернат ғимаратына сейсмокүшейту жұмыстары жүргізілсе, №56 гимназияда инженерлік коммуникациялар, бейнебақылау және өрт сөндіру сигнализациясы жүйелері толығымен модернизацияланды.
Осылайша, күрделі жөндеу аяқталғаннан кейін Алматының 1,5 мыңнан астам оқушысы заманауи әрі жайлы жағдайда білімін жалғастыруға мүмкіндік алды. Жаңартылған инфрақұрылым сапалы білім алуға, балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға және спортпен айналысуына қолайлы орта қалыптастырады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









