5 қараша күні кешкі уақытта үйінен кеткен 15 жастағы жасөспірім аман-есен табылды. Оның хабар-ошарсыз кеткені туралы арыз полицияға 6 қарашада түскен. Іздеу жұмыстарына қалалық полицияның барлық бөлімшелері, СҚО ПД жедел қызметкерлері мен еріктілер жұмылдырылды. Іздеу барысын қиындатқан жайттардың бірі – жасөспірімнің өзімен бірге ұялы телефоны болмағаны.
Полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларының кешенін жүргізсе, еріктілер әлеуметтік желілерде іздеу туралы ақпарат таратты. Сағат 22:40 шамасында Петропавл қаласы полиция басқармасының іздестіру бөлімінің қызметкерлері жасөспірімді Назарбаев көшесіндегі сауда үйлерінің бірінен тапты. Оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.
Қазіргі уақытта кәмелетке толмағандар істері жөніндегі полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын және жасөспірімнің үйінен кету себептерін анықтап жатыр. Полиция департаменті іздеу жұмыстарына қатысқан еріктілер мен бейжай қалмай көмектескен барлық азаматтарға алғыс білдіреді.
Полицейлер ескертеді: бала жоғалған жағдайда күтудің қажеті жоқ, бұл туралы дереу 102 нөміріне хабарлау керек. Жыл басынан бері СҚО полициясына азаматтардың хабар-ошарсыз жоғалуына қатысты 452 хабарлама түскен. Іздестіріліп жатқан кәмелетке толмағандардың барлығы табылды. Қазіргі уақытта іздеуде жүрген балалар жоқ.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









