Петропавл тұрғыны манипулятор кабинасындағы ұрлықтың ашылғаны үшін полицейлерге алғыс білдірді

    1 / 4

    Петропавл қаласы полиция басқармасының екінші полиция бөлімінің қызметкерлері СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының әріптестерімен бірлесіп, қала аумағында жасалған бірнеше ұрлықты ашты. Жәбірленушілердің бірі – автокран-манипулятордың иесі. Ол демалыс күндері көлігін Алматы көшесіндегі аулалардың біріне қалдырған. Қайтып келгенде жүргізуші орындығы жағындағы әйнектің сынғанын байқап, кабинадан құрал-саймандар жиынтығы, монитор мен салқындату жүйесінің реттегіші жоғалғанын анықтаған. Қала тұрғыны полицияға жүгінді.

    Одан кейін гараждардан екі және жертөледен бір ұрлық жасалған. Қылмыстар түнгі уақытта, «Океан» дүкені маңында, есіктерді бұзу арқылы жасалған. Мұның бәрі күдіктінің қылмыстық тәжірибесі бар екенін аңғартқан.

    Жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеу және полиция есебінде тұрған адамдарды тексеру нәтижесінде күдіктінің кім екені анықталды. Ол – мүлікке қатысты қылмыстар үшін бұрын сотталған, 36 жастағы Петропавл тұрғыны. Ол жазасын өтеу мекемесінен биыл шілде айында ғана босап шыққан. Қазір күдікті қамауда отыр.

    Төрт ұрлық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Манипулятордан ұрланған мүліктің бір бөлігі тәркіленді. Тергеу әрекеттері аяқталғаннан кейін заттар иесіне қайтарылады. Қала тұрғыны қылмыстың ашылуына үлес қосқан полицейлерге алғысын білдірді.

    Полицейлер ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомстволық бағдарлама мен «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. 10 айдың қорытындысы бойынша ұрлық саны 14,7%-ға азайды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаменті" жаңалықтары