Солтүстік Қазақстан облысында биылғы жылдың 10 айында сталкингтің 16 дерегі тіркелді. 11 адам жауапкершілікке тартылды. Осы кезеңде өңірде буллингтің 12 дерегі анықталды. Кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұл мәселелер Солтүстік Қазақстан облысының студенттерімен өткен кездесуде талқыланды. СҚО ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері жиі кездесетін жағдайларды талдап, жеке шекараны қалай қорғау керектігін және көмекке қайда жүгінуге болатынын түсіндірді.
Сталкинг адамның бас тартуына қарамастан оған қайта-қайта қоңырау шалу, хабарлама жазу, үйінің немесе оқу орнының маңында күтіп тұру сияқты әрекеттерден көрінуі мүмкін. Кездесу барысында буллингтің алдын алу және мұндай әрекеттер үшін жауапкершілік мәселелері де қарастырылды.
Полицейлер мессенджерлер арқылы қорқыту, әлеуметтік желілерде мазалап жазу және жалған аккаунттар ашу да заңдық салдарға әкеп соғуы мүмкін екенін атап өтті.
Студенттерге практикалық ұсынымдар берілді. Атап айтқанда, хат алмасуларды, хабарламаларды және басқа да дәлелдерді сақтап қою, қауіпті жанжалдарға араласпау және дер кезінде көмекке жүгіну қажеттігі түсіндірілді. Қорқыту немесе құқыққа қайшы әрекеттер болған жағдайда полицияға 102 нөмірі арқылы хабарлау қажет.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









