Қазақстан мен Тәжікстан аграрлық сауда байланыстарын нығайтады

    1 / 4

    Қазақстан мен Тәжікстан ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасын кеңейтуге, өндірістік кооперацияны нығайтуға және агроөнеркәсіптік кешеннің басым бағыттары бойынша ынтымақтастықты дамытуға ниетті.

    Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Тәжікстан Республикасының Соғды облысының төрағасы, Тәжікстан Республикасы Жоғары Жиналысы Ұлттық Мәжілісі төрағасының бірінші орынбасары Ражаббой Ахмадзодамен кездесіп, екіжақты әріптестікті дамыту болашағын талқылады.

    Кездесу Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның Қазақстанға ресми сапары аясында өтті.

    «Ауыл шаруашылығы – екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі. Бұл саланың әлеуеті зор және өзара сауда көлемін ұлғайтуға, жеткізілетін өнім түрлерін кеңейтуге және бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға айтарлықтай мүмкіндік бар. Бүгінде агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің үлесі екі ел арасындағы жалпы тауар айналымының 40 пайызын құрайды. Бұл аграрлық саланың стратегиялық маңызын айқын көрсетеді», – деді Айдарбек Сапаров.

    Өз кезегінде Ражаббой Ахмадзода Қазақстанмен өсімдік және мал шаруашылығы, селекция, сондай-ақ заманауи технологияларды енгізу бағыттарындағы ынтымақтастықты күшейтуге мүдделі екенін атап өтті.

    «Бірлескен бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асыру екіжақты әріптестігімізді сапалы жаңа деңгейге көтеретініне сенімдімін», – деді мәртебелі мейман.

    Сауда айналымының қарқынды көрсеткіші Тәжікстан нарығында қазақстандық өнімдерге сұраныстың тұрақты екенін көрсетеді.

    2026 жылғы қаңтар–қыркүйек айлары аралығында саладағы сауда көлемі 564 млн АҚШ долларынан асып, 32,5 пайызға өсті. Қазақстан экспортының көлемі 550,2 млн АҚШ долларын құрады.

    Қазақстан Тәжікстанға азық-түлік өнімдерін жеткізетін негізгі елдердің бірі болып қала береді. Экспорттың басым бөлігін бидай, күнбағыс майы, жүгері және макарон өнімдері құрайды. 2026 жылы қазақстандық астық жеткізілімі 1,1 млн тоннаға жетті. Оның ішінде бидай көлемі 900 мың тоннаға жуықтады.

    Астық саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» акционерлік қоғамы мен Тәжікстанның Мемлекеттік материалдық резервтер агенттігі арасында жасалған 100 мың тонна бидай жеткізу жөніндегі келісімшарт та тың серпін берді. Бүгінгі таңда аталған келісім аясында 50,8 мың тонна астық жөнелтілді.

    Өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты да тұрақты. Өткен жылы Тәжікстанға жеткізілген күнбағыс майының көлемі 83 мың тоннаға жетіп, 23 пайызға артты. Рапс майының экспорты 6 есе, соя майының экспорты 35 пайызға, ал күнжара жеткізілімі 23 пайызға өсті.

    Мал шаруашылығы өнімдерінің экспорты да ұлғайып келеді.

    Былтыр Қазақстаннан қой етін жеткізу көлемі 26 есе, сиыр етінің экспорты 2 есе артты.

    Екіжақты әріптестікті жүйелі түрде дамыту мақсатында тараптар 2027–2028 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі Жол картасына қол қоюды жоспарлап отыр.

    Құжатта өзара сауда көлемін ұлғайту, өсімдік шаруашылығын, тұқым шаруашылығы мен селекцияны дамыту, мал шаруашылығының өнімділігін арттыру, ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздікті нығайту бағыттары бойынша нақты шаралар көзделген.

    Сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру, заманауи агротехнологияларды енгізу, ғылыми зерттеулер жүргізу, озық тәжірибе алмасу және білікті мамандар даярлау мәселелері бойынша да іс-қимыл жүзеге асырылмақ.

    Осының барлығы қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің Тәжікстан нарығындағы орнын нығайтуға, отандық шаруалар мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеушілер үшін қосымша мүмкіндіктер ашуға, өндірістік байланыстарды кеңейтуге және екі ел арасындағы өзара сауда көлемін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі" жаңалықтары