Еуропа электр станциялары қазақстандық күнбағыс қауызына көшіп жатыр

    Қазақстан бұрын-соңды негізінен күнбағыс майын өндіруден қалған қалдық ретінде қарастырылып келген өнімнің экспортын ұлғайтуда. Ағымдағы жылдың алғашқы тоғыз айында түйіршіктелген күнбағыс қауызының экспортынан түскен табыс 6,15 есеге өсіп, 3,4 млн АҚШ долларына жетті.

    Қазақстан өнімінің негізгі тұтынушысы – Еуропа елдері. Онда күнбағыс қауызы электр станцияларында биологиялық отын ретінде пайдаланылады.

    Майлы дақылдарды өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының мәліметінше, биыл қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстан шетелге 63,2 мың тонна күнбағыс қауызы түйіршігін экспорттаған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,56 есе көп. Айта кетсек, 2025 жылы еліміз жалпы құны 1,035 млн доллар болатын 33,4 мың тонна өнімді сыртқы нарыққа шығарған.

    Қазақстандық өнімді ең көп сатып алатын ел – Польша. Былтыр экспорттың 98 пайызы осы елдің үлесіне тиесілі болған. Польшадағы жылу электр станциялары күнбағыс қауызының түйіршіктерін электр және жылу энергиясын өндіруге қажетті биологиялық отын ретінде пайдаланады. Айта кетерлігі, ірі электр станцияларының бірінің өзіне ай сайын 30 мың тоннаға дейін түйіршік отын қажет болуы мүмкін.

    «Күнбағыс қауызы май зауыттарында тұқымды өңдеу барысында бөлініп шығады. Шикізаттың сапасына қарай қауыздың үлесі өңделетін күнбағыс массасының 14–18 пайызын құрайды. Қазір Қазақстандағы орта және ірі кәсіпорындардың басым бөлігі күнбағыс қауызының майлы дәннен ажыратылуын қамтамасыз еткен. Оның бір бөлігі зауыттардың өз қазандықтарында технологиялық бу өндіруге жұмсалса, артылғаны отын түйіршіктеріне айналдырылады», – дейді Майлы дақылдарды өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы басқармасының төрағасы Ядыкар Ибрагимов.

    Қазіргі уақытта Қазақстанда күнбағыс қауызының түйіршіктерін өндіретін онға жуық зауыт бар.

    Олардың жалпы өндірістік қуаты айына 10 мың тоннаға дейін жетеді. Өндірілген өнімнің дені шетел нарығына жөнелтіледі.

    Қауымдастық өкілдерінің айтуынша, күнбағыс қауызының өңделуі кәсіпорындарға бір мезгілде екі міндетті шешуге мүмкіндік береді. Біріншіден, зауыттар өздерінің энергетикалық қажеттілігін өтейді.

    Екіншіден, қосымша экспорттық табыс табады. Ал қауызды түйіршіктеу оның тығыздығын арттырып, сақтауды және алыс қашықтыққа тасымалдауды едәуір жеңілдетеді.

    Күнбағыс қауызының тағы бір тиімді бағыты – оны кәсіпорындардың өз қажетіне электр энергиясын өндіру үшін пайдалану. Қазақстандағы ірі кәсіпорындардың бірінде осы мақсатта заманауи қазандық орнатылған. Оның көмегімен зауыттың өндірістік цехтары мен аумағын жарықтандыруға қажетті электр энергиясы өндіріледі.

    Қауымдастықтың бағалауынша, орта мерзімді кезеңде Қазақстан күнбағыс қауызы түйіршіктерінің жылдық экспортын 250 мың тоннаға дейін жеткізе алады. Бұл өткен жылғы экспорт көлемінен 7,5 есе көп.

    Қауымдастық мамандары экспорттың алдағы уақытта артуын күнбағыс егістігі алқаптарының кеңеюімен, еліміздегі майлы дақылдарды өңдеу көлемінің ұлғаюымен және Еуропа тұтынушылары тарапынан биологиялық отынға деген тұрақты сұраныспен байланыстырады.

    Осылайша, май өңдеу саласының дамуы Қазақстан үшін экспорттың жаңа бағытын қалыптастырып отыр. Енді шетелдік тұтынушыларға өсімдік майы мен күнжара ғана емес, өндіріс барысында пайда болатын қосалқы шикізаттан дайындалған өнім де жеткізіледі. Өндіріс қалдығы саналатын күнбағыс қауызы бүгінде еліміз үшін қосымша табыс көзіне айналып келеді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі" жаңалықтары