Азық-түлік келісімшарт корпорациясы Израильге 500 мың тоннаға дейін азық-түлік бидайын жеткізуге дайын

    Иерусалим қаласында өткен Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Израиль үкіметаралық комиссиясының оныншы отырысында екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара сауда көлемін арттыру және озық технологияларды өндіріске енгізу мәселелері талқыланды.

    Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің әлеуеті мен отандық өнімнің экспорттық мүмкіндіктері туралы «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰҚ Басқарма төрағасының орынбасары Самат Теңбаев баяндады.

    Қазақстан әлемдік аграрлық нарықтағы орнын нығайтып, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін шетелге жеткізу аясын жылдан-жылға кеңейтіп келеді. Қазіргі таңда еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдері әлемнің 80-нен астам еліне экспортталады. Әсіресе Еуропа, Солтүстік Африка, Таяу Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерімен сауда байланыстарын дамытуға басымдық беріліп отыр.

    Биылғы мол астық өнімі экспорт көлемін арттыруға мол мүмкіндік туғызып отыр. Қазақстанда ақуыз бен желімтік мөлшері жоғары, әлемдік нарықта сұранысқа ие азық-түлік бидайының мол қоры бар. Бұл өнім Израильдегі астық өңдеу кәсіпорындарының да сұранысын қанағаттандыра алады.

    «Израиль нарығының сұранысы мен қажеттілігін ескере отырып, 200 мыңнан 500 мың тоннаға дейін азық-түлік бидайын және өзге де ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу жөнінде ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасуға дайынбыз», – деді Самат Теңбаев.

    Экспорт көлемін ұлғайту жолындағы маңызды мәселелердің бірі – өнімді тасымалдау. Осыған байланысты қазақстандық тауарларды Израильге жеткізу үшін Әзербайжан мен Грузия арқылы өтетін көлік дәлізін, сондай-ақ Балтық теңізіндегі порттар арқылы өтетін балама бағыттарды пайдалану ұсынылды.

    Екі ел арасындағы ықпалдастықты кеңейтуге жыл сайын 2 млн тоннадан астам бидай сатып алатын Израиль елінің астыққа деген жоғары сұранысы да негіз болып отыр. Сондай-ақ майлы дақылдарға, арпа мен жүгеріге сұраныс тұрақты. Мұның бәрі Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін шетелге сату бағыттарын әртараптандыруға және екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайтуға тың мүмкіндік береді.

    Қазақстан экспортты арттырумен қатар, отандық агроөнеркәсіптік кешенді жаңғырту мақсатында Израильдің озық технологияларын игеруге де мүдделі. Әсіресе су қоры тапшы жағдайда ауыл шаруашылығын тиімді ұйымдастыру жөніндегі Израиль тәжірибесі айрықша маңызға ие.

    Бұл ретте суды үнемдейтін суару жүйелерін енгізу, тазартылған сарқынды суды қайта пайдалану, өндіріс үдерістерін цифрландыру және ауыл шаруашылығын басқаруда жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдану басым бағыттар саналады.

    Аталған технологияларды Қазақстанның табиғи-климаттық ерекшеліктеріне бейімдеу су ресурстарын тиімді пайдалануға, өндіріс шығындарын азайтуға және ауыл шаруашылығы саласының өнімділігін арттыруға жол ашады.

    Ауыл шаруашылығы министрлігі отандық өнімнің экспорттық бағыттарын кеңейту, жаңа өткізу нарықтарын игеру және халықаралық ынтымақтастықты нығайту жұмыстарын жалғастыруда.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі" жаңалықтары