Ветеринария саласын жаңғыртуға бағытталған заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды

    1 / 3

    Құрылтай Спикері Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен отырыста депутаттар ветеринария мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.

    Депутаттардың бастамасымен әзірленген «Қазақстан Республикасының ветеринария мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы ветеринария мамандарын әлеуметтік тұрғыдан қорғауды күшейтуге, ветеринариялық саламаттылықты қамтамасыз етуге және азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

    Заң жобасының негізгі басымдықтары туралы Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетінің төрағасы Серік Егізбаев баяндама жасады.

    «Заң жобасында ветеринария мамандарын әлеуметтік және кәсіби тұрғыдан қолдау шараларын едәуір кеңейту көзделген. Атап айтқанда, оларға жыл сайын сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене отырып, ақылы еңбек демалысы беріледі. Жәрдемақы мөлшері кемінде екі лауазымдық жалақыға тең болады. Сонымен қатар негізгі жұмыс орны бойынша ветеринария саласындағы ғылыми дәрежесі үшін ай сайын қосымша ақы төлеу ұсынылады. Оның мөлшері ғылым кандидаттары үшін – 17 АЕК, ғылым докторлары үшін 34 АЕК болады», – деді депутат.

    Бұдан бөлек, ветеринариялық дәрігерлердің құқықтары мен кәсіби мүдделерін білдіру және қорғау мақсатында ветеринариялық палата нысанындағы қоғамдық ұйым құрылады.

    Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ талаптарына сәйкес ветеринариялық препараттардың айналымын бақылау үшін фармацевтикалық инспекция құру көзделген. Инспекцияға фармакологиялық қадағалауды жүзеге асыру және ветеринариялық препараттар өндірісінің талаптарға сәйкестігі туралы сертификат беру өкілеттігі беріледі.

    Заң жобасында ветеринария саласындағы цифрлық жүйені құру мен оның жұмыс істеуінің негізгі бағыттары да айқындалған. Жүйеде ветеринариялық қызмет субъектілері мен объектілері, жүргізілген ветеринариялық іс-шаралар, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалау, сондай-ақ ветеринариялық қызметтің өзге де бағыттары туралы мәліметтер қамтылады.

    Депутаттар ауыл шаруашылығы жануарларын союға рұқсат етілген орындар тізімінен сою алаңдарын алып тастауды ұсынып отыр. Енді қоғамдық тамақтану орындарына арналған жануарларды сою тек арнайы жабдықталған нысандарда жүргізілуге тиіс. Сонымен қатар ветеринариялық сараптамадан және сойылар алдындағы тексеруден өтпеген өнімдер мен шикізатты қоғамдық тамақтану орындарында пайдалануға шектеу қойылады. Заң жобасында бұдан өзге де бірқатар нормалар қарастырылған.

    Бұған қоса, ветеринариялық қызмет субъектілерінің жауапкершілігі күшейтіледі. Атап айтқанда, ұйымдасқан шаруашылықтардың штатында ветеринариялық дәрігер болуға немесе мұндай маманның қызметі міндетті түрде тартылуға тиіс деген талап енгізіледі. Сондай-ақ қызмет түріне қарай (ет, сүт, балық, жұмыртқа) ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізуге арналған лицензиялардың жекелеген түрлері нақтыланады.

    Отырыс барысында аталған заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасы депутаттардың ұсыныс, пікірлері ескеріле отырып одан әрі пысықталатын болады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі" жаңалықтары