Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2026 жылғы 30 қазандағы №151 қаулысымен Қаржы ұйымдарының киберқауіпсіздік жай-күйін және қаржы саласындағы ақпараттық қауіпсіздіктің, оның ішінде киберқауіпсіздіктің оқыс оқиғаларына ден қоюды бағалау жөніндегі іс-шараларды жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) бекітілді.
Қағидалар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын жетілдіру және цифрландыру, банкроттық, сондай-ақ мемлекеттік органдарды бағалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2026 жылғы 23 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында әзірленді.
Негізгі жаңалықтары
Қағидаларда киберқауіпсіздіктің жай-күйін бағалау жөніндегі іс-шаралардың үш түрін өткізу көзделген:
Құжаттамалық – ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ішкі құжаттарын, жоспарлары мен рәсімдерін бағалау.
Функционалдық – қызметкерлер мен бөлімшелердің дағдарыс жағдайларында оқыс оқиғаларға ден қоюға және өзара іс-қимылға дайындығын тексеру.
Техникалық имитациялық – оқыс оқиғаларды анықтау, оларға ден қою және маңызды ақпараттық активтерді қалпына келтіру мүмкіндіктерін тексеру үшін киберқауіптерді модельдеу.
Сценарийлер өзекті киберқауіптерді, маңызды технологиялық өзгерістерді және алдыңғы іс-шаралардың нәтижелерін ескере отырып қалыптастырылады. Таңдалған сценарийге қарай мобильді және интернет-банкинг, төлем жүйелері, клиенттердің дерекқорлары және басқа да маңызды ақпараттық жүйелер тексерілуі мүмкін.
Іс-шаралар төрт кезеңнен тұрады: жоспарлау, дайындық, өткізу және нәтижелерді талдау. Нәтижесінде анықталған кемшіліктер мен қажетті түзету шаралары айқындалады.
Іс-шаралар барысында оқыс оқиғаларды айқындау және жүйелерді қалпына келтіру уақыты, бөлімшелердің өзара іс-қимылының тиімділігі, ден қою рәсімдерінің сақталуы, басшылық пен реттеушіні уақтылы хабардар ету, сондай-ақ басқарушылық шешімдердің негізділігі бағаланады.
Техникалық модельдеу қолданыстағы ақпараттық жүйелердің үздіксіз жұмыс істеуін бұзбай бақыланатын өнімсіз ортада жүргізіледі.
Іс-шараларды өткізу және пилоттық кибероқу-жаттығу нәтижелері
Жаңа тәсілді сынақтан өткізу мақсатында Агенттік екінші деңгейдегі үш банктің қатысуымен пилоттық кибероқу-жаттығу өткізді.
Оқу-жаттығу шеңберінде шифрлаушы бағдарламаның әсері салдарынан сыни ақпараттық активтің зақымдануы модельденді, кейіннен жүйе тест стендтегі резервтік көшірмеден қалпына келтірілді. Үш банк те тексерілетін жүйелерді сәтті қалпына келтірді. Қалпына келтірілген жүйелердің жұмыс қабілеттілігі және қалпына келтірудің нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу расталды.
Бұдан әрі Қағидаларға сәйкес қаржы ұйымдары киберқауіпсіздіктің жай-күйін бағалау бойынша іс-шараларды күнтізбелік жылы кемінде бір рет өткізетін болады.
2027 жылы барлық екінші деңгейдегі банкті қамту жоспарлануда.
Кемшіліктерді жоюды бақылау және күтілетін нәтижелер
Қағидаларда Агенттіктің байқаушы ретінде де, бірлесіп дайындау және бағалау жөніндегі іс-шараларды өткізу кезінде ұйымдастырушының бірлесіп қатысуы көзделген. Іс-шаралардың нәтижелері бойынша Агенттікке анықталған кемшіліктер, ден қою көрсеткіштері, түзету шаралары және оларды іске асыру мерзімдері туралы ақпаратты қамтитын есепті ұсыну талап етіледі.
Кемшіліктерді жою жоспарларын әзірлеуге ғана емес, қайта тексеру арқылы қабылданған шаралардың тиімділігін растауға да ерекше мән беріледі.
Осылайша, киберорнықтылықты арттырудың тұрақты циклі қалыптасады: қатерлерді модельдеу, дайындықты бағалау, кемшіліктерді анықтау, оларды жою және қайта тексеру.
Агенттік іс-шаралардың нәтижелерін жүйелі тәуекелдерді анықтау және қадағалау тәсілдерін жетілдіру үшін пайдаланатын болады. Бұл ретте кибероқу-жаттығулардың негізгі мақсаты – модельденетін жағдайлардың нәтижелері бойынша санкцияларды қолдану емес, әлсіз тұстарды анықтау және қаржы ұйымдарының нақты кибероқыс оқиғаларға нақты дайындығын арттыру.
Агенттік Басқармасы қаулысының мәтінімен Агенттіктің ресми интернет-ресурсында танысуға болады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









