Жылыту маусымы — ауа температурасының төмендеуіне байланысты тұрғын үйлерді жылыту үшін пештер, газ жабдықтары мен электр жылыту құрылғылары белсенді пайдаланылатын кезең. Бұл уақытта тұрмыстық өрттердің шығу және улы газдан улану қаупі артады. Сондықтан қауіпсіздік талаптарын сақтау ерекше маңызға ие.
Осыған орай Шымкент қаласы Абай ауданының Төтенше жағдайлар басқармасы тұрғын үй секторындағы төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шара ұйымдастырды.
Іс-шараға Абай ауданының Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері, газ-техникалық қызмет мамандары, Жастар ресурстық орталығының өкілдері мен еріктілер қатысты.
ТЖД қызметкерлері тұрғын үйлерді аралап, өрт қауіпсіздігінің негізгі талаптарын түсіндірді, өрттің туындау себептері мен улы газдан улану қаупі туралы ақпарат берді. Газ-техникалық қызмет мамандары тұрғындарға газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану бойынша кеңес берді. Ал Жастар ресурстық орталығының өкілдері мен еріктілер халықты ақпараттандыруға және профилактикалық жадынамалар таратуға атсалысты.
Іс-шара барысында төрт тұрғын үйге улы газды анықтайтын арнайы датчиктер орнатылып, пеш мұржалары күйеден тазартылды. Сонымен қатар тұрғындарға жылыту маусымында қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша ұсынымдар берілді.
Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында ТЖД тұрғындарға төмендегі қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертеді:
* жылыту пештері мен газ жабдықтарының жарамдылығын тұрақты тексеру;
* мұржаларды күйеден уақтылы тазалау;
* жанып тұрған пештер мен қосулы электр жылытқыштарын қараусыз қалдырмау;
* газ плитасын бөлмені жылыту үшін пайдаланбау;
* электр желілеріне шамадан тыс күш түсірмеу және ақауы бар электр құрылғыларын қолданбау;
* тұрғын үйлерге улы газды анықтайтын датчиктер орнату;
* желдету және түтін шығару арналарының жарамдылығын қадағалап, желдеткіш саңылауларын жаппау.
Қауіпсіздік талаптарын сақтау өрттің алдын алуға, улы газдан улану қаупін болдырмауға, сондай-ақ адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғауға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









