Құтқарушы мамандығы батылдықты, шапшаңдықты және әр сәтте жауапкершілік алуға дайын болуды талап етеді. Өртпен бетпе-бет келген сәтте секундтардың өзі адам өмірін шешуі мүмкін. Осындай жауапты қызметтің бел ортасында жүрген азаматтардың бірі – Шымкент қаласы №10 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Бекжан Уркинбаев.
Ол азаматтық қорғау органдарында 2008 жылдан бері қызмет етіп келеді. Жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен кәсіби біліктілігін төтенше жағдайларды жоюға арнап, бүгінгі күні жас мамандарға да тәлімгерлік етіп жүр. Бекжанның қызмет жолындағы есте қалған оқиғалардың бірі 2024 жылғы 2 қазанда болды. Нұрсат-2 шағын ауданындағы тоғыз қабатты тұрғын үйдің алтыншы қабатында өрт шықты. Құтқарушылар оқиға орнына жедел жетіп, тұрғындарды эвакуациялауға кірісті. Сол күні 31 адам қауіпсіз жерге шығарылып, 6 бала құтқарылды. Бекжан да өрт ошағына кіріп, баланы аман алып шықты. Бұл – оның кәсіби дайындығы мен адам өміріне деген жауапкершілігінің айқын көрінісі.
Қызметте талапшыл әрі тәртіпті командир үйінде бір ұл мен бір қыздың қамқор әкесі, отбасының тірегі. Оның өміріндегі басты құндылықтардың бірі – отбасы, ал кәсіби ұстанымы – адам өмірін сақтау.
Көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін Бекжан Уркинбаев Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Сондай-ақ 10 және 15 жылдық мінсіз қызметі үшін медальдарға ие болып, «Гарнизонның үздік командирі» атағын алған.
Ол үшін ерлік – бір сәттік әрекет емес, күн сайынғы қызметіне деген адалдық пен адам өмірін қорғау жолындағы жауапкершілік.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









