Департамент алдағы жылдан бастап қолданысқа енгізілетін мектепке дейінгі ұйымдарды мемлекеттік лицензиялауға даярлау мақсатында Шардара ауданында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда.
Кездесуге Департамент басшысы К.Ауанасова мен лицензиялау бөлімінің басшысы С.Пахымбет аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Д.Тоқшабаев, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы С.Назарбекова, сондай-ақ мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басшылары қатысты.
Департамент лицензия алу үшін сақталуы тиіс біліктілік талаптарын, электрондық жүйе арқылы өтініш беру кезеңдерін, қажетті құжаттарды дайындау тәртібін және заңнамада белгіленген өзге де талаптарды қатысушылар назарына ұсынды.
Сонымен қатар, уәкілетті органдардың өкілдері мектепке дейінгі ұйымдардың ғимараттары мен үй-жайларына қойылатын өрт қауіпсіздігі талаптарын, тамақтандыруды ұйымдастыру және санитариялық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау мәселелерін кеңінен баяндады.
Кездесу барысында балабақша басшылары лицензиялауға дайындық кезінде туындайтын өзекті мәселелерді көтеріп, сала мамандарымен тікелей пікір алмасты. Қатысушылардың сауалдарына нақты жауаптар беріліп, заңнамалық талаптарды орындауға қатысты практикалық ұсынымдар ұсынылды.
Мұндай кездесулердің басты мақсаты – мектепке дейінгі ұйымдардың лицензиялауға уақтылы әрі жан-жақты дайындалуына ықпал ету.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









