Алматыда туристерге тауға шығатын сапары туралы алдын ала хабарлауға мүмкіндік беретін Almaty Hike онлайн-сервисі іске қосылды. Бастаманың негізгі мақсаты - демалушылардың қауіпсіздігін арттыру және төтенше жағдайлар кезінде құтқару қызметтерінің жедел әрекет етуіне жағдай жасау.
Жобаны Алматы қаласының Табиғат қорғау прокуратурасы, Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Төтенше жағдайлар департаменті және Алматы қаласының әкімдігі бірлесіп әзірлеп, дайындаған. Оны іске қосу 2025 жылғы 27 тамыздағы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің №363 бұйрығын орындаумен де байланысты. Аталған бұйрық азаматтық қорғау саласындағы аумақтық органдарға жетуі қиын және ықтимал қауіпті нысандарға бару туралы ақпарат беру тәртібін реттейді.
«Таудағы қауіпсіздік әр туристің жауапкершілігінен басталады. Жолға шықпас бұрын маршрутты алдын ала жоспарлап, ауа райы жағдайын ескеріп, өзіңіздің физикалық мүмкіндіктеріңізді бағалап, оның аяқталғаны туралы да хабарлау қажет», - деді Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Дамир Ермағамбетов Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде.
Almaty Hike сайты арқылы туристер маршруттың қай уақытта басталатыны туралы ақпаратты алдын ала енгізіп, байланыс деректерін қалдыра алады. Ол үшін сайтқа кіру немесе таулы аймақтар мен ұлттық парктерге қатынайтын автобустар мен аялдамаларда орналастырылған QR-кодты сканерлеу қажет. Тіркелу бірнеше минутты ғана алады. Пайдаланушы электронды нысанды толтырып, телефон нөмірі мен бағыттың (маршрут) басталуына қатысты мәліметтерді енгізеді. Маршрут аяқталғаннан кейін сайтқа қайта кіріп, таудан оралғанын белгілеп, тіркеуді жабу маңызды. Алдын ала тіркелу жоспарланған сапар туралы ақпаратты құтқару қызметтеріне ертерек жеткізуге мүмкіндік береді. Төтенше жағдай туындаған жағдайда бұл мәліметтер туристерді іздеуді жеңілдетіп, іздестіру-құтқару жұмыстары кезінде құтқарушылардың жағдайды жылдам бағалауына көмектеседі.
2026-2027 жылдардағы қысқы маусымға құтқару қызметтерінің дайындығын арттыру мақсатында Алматыда жалпы саны 194 адамнан тұратын екі кәсіби құтқару бөлімшесі жұмыс істейді. Олардың қарамағында 60 техника және екі тікұшақ бар. Бұдан бөлек, іздестіру-құтқару жұмыстарына Альпинизм федерациясы мен Ерікті құтқару қызметінің 100-ден астам еріктісі тартылады.
Құтқарушылар тұрғындар мен қала қонақтарын жеке қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауға, таудағы маршруттарды алдын ала жоспарлауға, ауа райы жағдайын ескеруге және маршрут аяқталған соң міндетті түрде оралғаны туралы хабарлауға шақырады.








