Қазақстан ТЖМ арнайы техника өндірушілерімен ынтымақтастықты дамытуда

    1 / 14

    Орал қаласында өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары саласындағы заманауи шетелдік әзірлемелерге арналған семинар-кеңес пен көрме өтті. Іс-шараға ТЖМ қызметкерлері, «ОралАгроРемМаш» АҚ және жетекші шетелдік өндірушілердің өкілдері қатысты. ТЖМ қызметкерлері өндірістік алаңдарды аралап, арнайы техниканы, оның ішінде өрт сөндіру автомобильдерін жасау үдерісімен танысты. Қатысушылар жекелеген тораптарды құрастыру мен жабдықтарды орнатудан бастап, дайын өрт сөндіру техникасын шығаруға дейінгі негізгі өндірістік кезеңдерді көрді.

    Іс-шара аясында Bronto (Финляндия), AVG, Vetter (Германия), Interspiro (Швейцария), Godiva (Ұлыбритания), Kuzmacsan (Түркия), KEX (Қытай) және POK (Франция) компанияларының қатысуымен көрме ұйымдастырылды. Компаниялар өрт сөндіру тиімділігін арттыруға және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған заманауи өрт сөндіру-құтқару техникасы мен жабдықтарын таныстырды. Сондай-ақ қатысушылар Interspiro компаниясының жаңа тыныс алу аппаратымен және өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жұмысында қолданылатын өзге де техникалық шешімдермен танысты. Қазақстанда биіктікке арналған өрт сөндіру техникасын, оның ішінде Bronto көтергіштері мен Rosenbauer–Metz өрт сөндіру автосатыларын өндіруді жергіліктендіру перспективаларына ерекше назар аударылды. Бұл бастамаларды іске асыру отандық арнайы техника өндірісін дамытуға, сондай-ақ ел аумағында оған техникалық қызмет көрсету және жөндеу саласындағы құзыреттерді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Заманауи тәсілдер техниканы өндіруде ғана емес, оны одан әрі техникалық сүйемелдеуде де қолданылуда. Атап айтқанда, «ОралАгроРемМаш» АҚ автомобильдер туралы ақпарат алуға, өтінімдер беруге және олардың өңделу барысын бақылауға мүмкіндік беретін кепілдік қызмет көрсетудің цифрлық онлайн-платформасын таныстырды. Семинар-кеңестің қорытынды кезеңінде жыл басынан бері ТЖМ мамандары мен «ОралАгроРемМаш» АҚ бірлесіп әзірлеген жаңа өрт сөндіру автоцистернасының таныстырылымы өтті.

    IVECO 4×4 шассиі негізінде жасалған, Godiva өрт сөндіру сорғысымен жабдықталған өрт сөндіру автомобилінің дайын үлгісі ұсынылды. Автомобильде жеке құрамды орналастыруға қолайлы жағдай жасау және эргономиканы жақсарту мақсатында жауынгерлік есеп кабинасы (ЖЕК) жаңартылып, өрт сөндіру қондырмасы қайта жасақталған. Техниканы әзірлеу кезінде ТЖМ мамандарының ұсыныстары мен өртке қарсы қызмет бөлімшелерінде пайдалану талаптары ескерілді. Ұсынылған автомобиль ТЖМ мен отандық өндірушінің құтқарушылардың нақты қажеттіліктерін ескере отырып, өрт сөндіру техникасын жетілдіруге бағытталған бірлескен жұмысының нәтижесі болды.

    Іс-шара соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, өрт сөндіру техникасын одан әрі жетілдіру, заманауи техникалық шешімдерді енгізу және ТЖМ, отандық кәсіпорын мен шетелдік өндірушілер арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Семинар-кеңес тәжірибе алмасуға, озық әзірлемелермен танысуға және өндірісті жергіліктендіру перспективаларын талқылауға арналған маңызды алаңға айналды. Бірлескен бастамаларды іске асыру отандық өрт сөндіру машинасын жасауды дамытуға, ТЖМ бөлімшелерінің техникалық жарақтандырылуын жақсартуға және төтенше жағдайларға ден қою тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі" жаңалықтары