Москит торы – қауіпсіздік кепілі емес: терезеге қатысты тексерілуі тиіс бес жайт

    Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, терезеден құлау балалардың абайсызда жарақат алуына әкелетін негізгі себептердің бірі. Жыл басынан бері елімізде азаматтық қорғау органдары балалардың терезеден құлауының 265 жағдайын тіркеді, оның ішінде 235 бала жарақат алып, 30 бала қаза тапты.

    ТЖМ аумақтық бөлімшелері балалардың терезеден құлау қаупін азайтуға бағытталған профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде жүргізіп келеді. Жыл басынан бері 360 мыңнан астам адамды қамтыған шамамен 16 мың профилактикалық аралау ұйымдастырылды. Демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және терезеден құлау жағдайларының алдын алу мақсатында барлық ата-аналарға WhatsApp арқылы ақпараттық хабарламалар мен жадынамалар жіберіледі.

    2023 жылдан бастап «Қауіпсіз терезе» акциясы іске асырылып келеді. Оның аясында тұрғын үй иелері мен демеушілер, әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтарына басымдық бере отырып, терезелерге қауіпсіздік құлыптарын орнатады. Бүгінгі таңда ТЖМ қызметкерлері еліміз бойынша 7.3 мыңнан астам терезе блокираторын орнатты.

    Ашық терезе – пәтерді желдетудің үйреншікті тәсілі. Алайда ол әсіресе кішкентай балалар үшін үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Терезенің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ТЖМ мамандары төмендегі 5 маңызды жайтты тексеруге кеңес береді:

    Терезе тұтқаларының, құлыптарының және фурнитурасының жарамдылығын тексеріңіз. Егер терезе тым оңай ашылса, оны жөндеу қажет.

    Терезеге арнайы блокираторлар орнатылған ба?

    Кішкентай балалары бар отбасыларға терезе құлыптарын, бекіткіштерді немесе терезе жақтауының ашылуын шектейтін басқа да арнайы құрылғыларды орнатыңыз.

    Москит торы берік бекітілген бе? Тор мықтап бекітілгендей көрінгенімен, ол баланың терезеден құлауынан қорғауға арналмаған. Торға сүйенуге, оған жиһазды тақап қоюға немесе баланың терезе маңында ойнауына жол бермеңіз.

    Терезе жанында жиһаз тұр ма? Егер бала жиһазды баспалдақ ретінде пайдалана алса, кереуеттер, дивандар, креслолар, орындықтар, тумбалар және басқа да жиһаздар терезе маңында тұрмауы керек.

    Бала қауіпсіздік ережелерін біле ме? Балаларға терезенің алдына шығуға, терезені өз бетінше ашуға және ашық терезенің жанында ойнауға болмайтынын түсіндіріңіз. Кішкентай балаларды тіпті аз уақытқа да қараусыз қалдыруға болмайды.

    Қауіпсіздік қарапайым әрекеттерден басталады: терезені жауып, арнайы блокиратор орнатыңыз, терезе алдындағы жиһазды алыстатыңыз, балаға қауіпсіздік ережелерін түсіндіріңіз. Кішкентай баланы бөлмеде тіпті аз уақытқа да жалғыз қалдырмаңыз. Балалардың терезеден құлауы көбіне күтпеген жерден болады. Бала санаулы секундтың ішінде-ақ терезенің алдына шығып кетуі мүмкін. Москит торы жәндіктерден қорғайды, бірақ баланың терезеден құлауына тосқауыл бола алмайды. Баланың қауіпсіздігіне ересектер жауапты.




    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі" жаңалықтары