БҚО-да жол тазалығына бақылау күшейтілді

    Батыс Қазақстан облысында жолдардың тазалығын сақтау және жүк тасымалдау талаптарының орындалуын бақылау жұмыстары жүргізілуде.

    Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы жүргізілген зерделеу барысында Сырым Датұлы көшесінен Әбілқайыр хан даңғылына бұрылатын тұста КамАЗ жүк көлігінің тіркемесінен топырақ төгіліп келе жатқаны анықталды. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жүк көлігін тоқтатып, тексеру барысында жүргізушінің топырақ тиелген тіркемені тиісті деңгейде жаппағанын анықтады. Соның салдарынан топырақ жолға төгіліп, жол жабынын ластаған әрі басқа жол қозғалысына қатысушыларға кедергі келтіру қаупін тудырған. Бұл жағдайға жақын маңда тұратын тұрғындар мен осы жолмен өтіп бара жатқан жүргізушілер де наразылық білдірді. Аталған дерек бойынша жүргізушімен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жүкті дұрыс орналастыру және оның төгілуіне жол бермейтіндей етіп жабу талаптарын сақтамағаны, сондай-ақ жол жабынын ластағаны үшін екі әкімшілік хаттама толтырылды. Құқық бұзушылықтарға сәйкес айыппұл салынды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бірінші құқық бұзушылық үшін 5 АЕК-ке дейін, ал екіншісі үшін 30 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. Полиция жүргізушілерге тасымалданатын жүктің дұрыс орналастырылуы мен сенімді бекітілуін, сондай-ақ жолға төгілмеуі үшін тиісті деңгейде жабылуын қамтамасыз ету қажеттігін ескертеді. Бұл – "Таза Қазақстан" акциясы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстардың бір көрінісі. Жолдардың тазалығын сақтау және осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы бақылау жұмыстары жалғасады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Батыс Қазақстан облысының Полиция департаменті" жаңалықтары