БҚО-дағы үйлену тойындағы кортеж: қауіпті әрекеттер

    Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Орал қаласында үйлену тойына арналған автокортеж қозғалысы кезінде жастардың көлік терезесінен бастары мен денелерін шығарып тұрғаны бейнеленген, "Гулянка осылай болама қалай?" деген жазба полицияның назарына ілікті.

    Бейнежазбаны зерделеу барысында автокортеждің Орал қаласындағы көпір үстімен жүріп бара жатқаны, айналасында басқа да көптеген көліктердің өтіп жатқаны, ал жастар денелерін көлік терезесінен шығарып, өздеріне және өзгелерге қауіп төндіргені анықталды.

    Сонымен қатар Пугачев көшесінен Махамбет-Исатай көшесіне бұрылатын қиылыста автокортеж қозғалысы кезінде де жастардың көлік терезесінен денелерін шығарып, қолдарымен түрлі қимылдар жасап, аса қауіпті әрекеттерге барғаны анықталды. Сондай-ақ бейнежазбада көлік жүргізушісінің қауіпті маневрлер жасағаны көрініс тапқан.

    Аталған бейнежазба қала тұрғындарының сынына себеп болды.

    Полиция қызметкерлері оқиғаға жедел ден қойып, бейнежазбадағы Toyota Land Cruiser Prado және Subaru Legacy маркалы автокөліктердің жүргізушілерін, сондай-ақ көлік терезесінен денелерін шығарып, қауіпті әрекеттер жасаған азаматтарды анықтады. Олар облыс тұрғындары, 19–22 жас аралығындағы жігіттер болып шықты.

    Олармен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар жүргізушілер мен жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатер төндірген азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

    Мерекелік көңіл күй жол қозғалысы ережелерін елемеуге себеп болмауы тиіс.
    Жүріп бара жатқан көліктің терезесінен басын немесе денесін шығару, сондай-ақ жүргізушінің қауіпті маневрлер жасауы қайғылы жағдайға әкеп соғуы мүмкін.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Батыс Қазақстан облысының Полиция департаменті" жаңалықтары