Сұрақ - Жауап

    Сұрақ: Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимін қолдану кезінде рұқсат етілген қызмет түрлерінің бірнешеуін бір мезгілде жүзеге асыруға бола ма? Өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамның табысын айқындау кезінде қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдау үшін банк шотын пайдаланғаны үшін банк ұстайтын комиссия шегеріле ме? Шетелдік клиенттерден шетел валютасында түскен төлемдер қалай есепке алынады? Клиенттерге қайтарылған төлемдер қалай есепке алынады?

    Жауап: 718-баптың ережелеріне сәйкес жеке тұлға Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 21 қарашадағы № 994 қаулысымен бекітілген рұқсат етілген қызмет түрлерінің біреуін немесе бірнешеуін жүзеге асыруға құқылы.

    Аталған бапта сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамның күнтізбелік айдағы табысы тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болған айлық есептік көрсеткіштің 300 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс екендігі белгіленген.

    Салық кодексінің нормаларында өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамның табысын банк ұйымдары комиссия түрінде ұстап қалған сомаға азайту көзделмеген.

    Шетелдік клиенттерден түскен төлемдер де рұқсат етілген қызмет түрінен алынған табысқа қосылады, яғни өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам арнаулы салық режимі шеңберінде жүзеге асырылатын қызметтен алынған жиынтық айлық табысты айқындау кезінде табысты тану және көрсету қағидаларын сақтай отырып, осындай табысты есепке алуға міндетті.

    Салық кодексінің 405-бабының 3-тармағына сәйкес жеке тұлғаның шетел валютасымен алған табысы табыс алынған күнтізбелік жылдағы валютаның орташа арифметикалық ресми бағамы қолданылып, Қазақстан Республикасының ұлттық валютасына қайта есептеледі.

    Клиентке ақшаны қайтару құжатпен расталуға тиіс. Бұл ретте «e-Salyq Business» мобильді қосымшасында сатып алушыға төлемді қайтаруды ресімдеу үшін бұрын берілген чекті түзету (күшін жою) қажет.

    Сонымен қатар, «e-Salyq Business» мобильді қосымшасында чектерді жою (қайтару) операцияларына қатысты техникалық шектеу енгізілген, оған сәйкес мобильді қосымшада берілген чектерді жою (қайтару) операцияларын күнтізбелік 14 күн ішінде жүзеге асыруға болады. Көрсетілген мерзім өткеннен кейін чектің күшін жою функциясы қолжетімсіз болады.

    Құқықтық негіздеме ретінде бұл тәсіл Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 30-бабының ережелерімен байланыстырылады. Аталған бапта тиісті сападағы тауарды қайтару немесе айырбастау үшін 14 күндік мерзім көзделген.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті" жаңалықтары