Сұрақ - Жауап

    Сұрақ: Жеңілдетілген декларация негізіндегі арнаулы салық режимін қолданатын жеке кәсіпкер. Қызмет түрі – ЖК мен ЖШС-ларға шеберлер мен сұлулық салондарына онлайн жазылуға мүмкіндік беретін өзінің SaaS-платформасы арқылы қызмет көрсету. Электрондық шот-фактураны жазып беру қажет пе? Егер қажет болса, қай күні жазып берілуі тиіс? Сайтқа қолжетімділік үздіксіз қамтамасыз етілген жағдайда, әрбір ЖК мен ЖШС-ға ай сайын жеке ЭШФ жазып беру талап етіле ме?

    Жауап: Салық кодексінің 207-бабының 1-тармағына сәйкес шот-фактураны мынадай салық төлеушілер жазып беруге міндетті:

    - қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркелгендер – Салық кодексінің 50-тарауына сәйкес;

    - қосылған құн салығын төлеушілер болып табылмайтындар (бұдан әрі – ҚҚС төлеушілері емес тұлғалар) – Салық кодексінің 208 және 209-баптарына сәйкес.

    Салық кодексінің 208-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес жеңілдетілген декларация негізіндегі арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеуші шот-фактураны жазып беруге міндетті.

    Бұл ретте Салық кодексінің 208-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда ҚҚС төлеушілері емес тұлғалар, оның ішінде жеңілдетілген декларация негізіндегі арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу кезінде, егер сатып алушы Салық кодексінің 208-бабының 4-тармағына сәйкес шот-фактураны жазып беруді талап етпесе, шот-фактураны жазып беру талап етілмейді.

    Кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға көрсетілетін қызметтер өтеусіз ұсынылған жағдайларда электрондық шот-фактураны (ЭШФ) жазып беру міндетті екенін атап өткен жөн.

    Салық кодексінің 493-бабының 1-тармағына сәйкес шот-фактура өткізу бойынша айналым жасалған күннен ерте емес және осындай күннен кейінгі күнтізбелік он бес күннен кешіктірілмей жазып беріледі.

    Жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету бойынша өткізу айналымы жасалған күн болып жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету күні танылады. Бұл күн орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер актісіне қол қойылған күн бойынша айқындалады.

    Интернет-платформаға қолжетімділікті үздіксіз ұсыну кезінде әрбір ЖК мен ЖШС-ға ай сайын жеке ЭШФ жазып беру мәселесі қызметтер көрсетуге арналған азаматтық-құқықтық шарттың талаптарына және орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер актісіне сәйкес айқындалады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті" жаңалықтары