Тауарлар шығарылғаннан кейінгікедендік құнды бақылау ерекшеліктері
Тауарлардың кедендік құнын бақылауды жүзеге асыру кезінде кеден органдары кедендік бақылау нысандарын қолданады. Солардың бірі – кедендік тексеру.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодексінің 416-бабының 7-тармағына сәйкес кедендік тексеру камералдық және көшпелі кедендік тексеру болып бөлінеді.
Камералдық кедендік тексеру кедендік операцияларды жасау кезінде және (немесе) кеден органдарының талап етуі бойынша тексерілетін тұлға ұсынған кедендік декларациялардағы және (немесе) коммерциялық, көліктік (тасымалдау) және өзге де құжаттардағы мәліметтерді, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының құжаттары мен мәліметтерін, сондай-ақ кеден органдарында бар және тексерілетін тұлғаға қатысты басқа да құжаттар мен мәліметтерді зерделеу және талдау арқылы, оның ішінде тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану нәтижелері бойынша жүргізіледі.
Кодекстің 417-бабының 3-тармағына сәйкес камералдық кедендік тексеруді жүргізу негіздерінің бірі тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану нәтижелері болып табылады. Осы негіз бойынша камералдық кедендік тексеру жүргізу кезінде кеден органдары тексерілетін тұлғаға анықталған бұзушылықтардың сипаттамасын қоса бере отырып, Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 8 ақпандағы № 146 «Салықтық және кедендік әкімшілендірудің кейбір мәселелері туралы» бұйрығымен (бұдан әрі – Бұйрық) белгіленген нысан бойынша бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны (70-қосымша) жолдайды.
Кодекстің 417-бабының 3-1-тармағына сәйкес хабарламаны орындау мерзімі тексерілетін тұлғаға осындай хабарлама табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап жиырма жұмыс күнін құрайды. Хабарлама мынадай жағдайларда орындалды деп танылады: анықталған бұзушылықпен келіскен жағдайда – кедендік төлемдер мен салықтарды төлеу және тауарларға арналған декларацияға өзгерістер енгізу арқылы бұзушылықтарды жою; Анықталған бұзушылықпен келіспеген жағдайда – растайтын құжаттарды, оның ішінде талданатын тауарларға арналған декларацияда мәлімделген мәліметтерді қоса бере отырып, электрондық құжат түрінде немесе қағаз жеткізгіште түсініктеме ұсыну.
Кодекстің 417-бабының 3-3-тармағына сәйкес, кеден органы ұсынылған түсініктемелермен келіскен жағдайда, осындай түсініктемені алған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде тексерілетін тұлғаны хабардар етеді. Хабарлама орындалмады деп танылған жағдайда, кеден органы бұйрықпен белгіленген нысан бойынша Хабарламаның орындалмағанын тану туралы шешім (40-6-қосымша) (бұдан әрі – Шешім) шығарады және оны тексерілетін тұлғаға мынадай мерзімдерде жолдайды немесе табыс етеді: тексерілетін тұлға түсініктемелер мен құжаттарды ұсынған жағдайда – олар ұсынылған күннен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірмей; тексерілетін тұлға түсініктемелер мен құжаттарды ұсынбаған жағдайда – Хабарламаны орындау мерзімі аяқталған күннен бастап 2 жұмыс күнінен кешіктірмей. Кодекстің 417-бабының 3-4-тармағына сәйкес, Хабарламаны белгіленген мерзімде орындамау Кодекстің 125-бабына сәйкес төлеушінің банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға алып келеді.
Кодекстің 417-бабының 3-5-тармағына сәйкес, хабарламаға және шешімге Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне немесе сотқа шағым жасалуы мүмкін. Хабарлама оның орындалу мерзімі ішінде, ал шешім оны табыс еткен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде шағымның көшірмесін кеден органына жібере отырып, шағымданады.









