ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ШЕКАРА МАҢЫНДАҒЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ЖЕТІЛДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

    1 / 11
    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 28 қазанда Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында шекарадағы көлік кептелісін азайту және шекара маңындағы инфрақұрылымды ретке келтіру мәселелеріне назар аударды. Осы міндеттер аясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев Келес және Сарыағаш аудандарындағы өткізу бекеттеріне жұмыс сапарымен барып, өзекті мәселелерді зерделеді.
    Сапар барысында «Б.Қонысбаев», «Қапланбек», «Жібек жолы» және «Қазығұрт» өткізу бекеттерінің жұмысы, оларға іргелес автотұрақтардың жағдайы, кірме жолдар мен инженерлік инфрақұрылымның жай-күйі қаралды. Сонымен қатар «Жібек жолы» өткізу бекетінде жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысы таныстырылып, нысанды аяқтау және пайдалануға беру мәселелері пысықталды.
    Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы маңызды транзиттік бағыттардың бірі саналатын «Б. Қонысбаев» кедендік және автомобиль өткізу пунктінде жүк көліктерінің қозғалысын реттеуге ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта өткізу пункті маңында 1 000 ауыр жүк көлігіне арналған арнайы автотұрақтың құрылысы жүргізілуде. Көлік ағынын реттеу және өткізу мүмкіндігін тиімді пайдалану мақсатында бүгінде тәулігіне 600-650 жүк көлігін өткізу қамтамасыз етілуде.
    Арнайы тұрақтың құрылысы жүк көліктерін ретсіз орналастырудың алдын алуға, жол қозғалысына түсетін жүктемені азайтуға және шекарадан өту кезегін жүйелі ұйымдастыруға бағытталған.
    Жұмыс сапары аясында «Б.Қонысбаев» өткізу бекетінде облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаевтың төрағалығымен ведомствоаралық мәжіліс өтті. Оған мемлекеттік кірістер органдарының, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша департаментінің, облыстық полиция департаментінің, салалық басқармалар мен аудан әкімдіктерінің, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының өкілдері, сондай-ақ автотұрақ иелері, банк және сақтандыру ұйымдарының өкілдері қатысты.
    Жиында кедендік өткізу пункттеріндегі ағымдағы жағдай, ауыр жүк көліктері кезегінің қалыптасу себептері, шекаралық бақылау мен кедендік рәсімдерді ұйымдастыру мәселелері қаралды. Қатысушылар көлік ағынын тиімді бөлу, өткізу бекеттерінің мүмкіндіктерін ұтымды пайдалану, жол бойындағы ретсіз тұрақтардың алдын алу және арнайы қызмет көліктерінің кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету шараларын талқылады.
    Сонымен қатар Келес, Сарыағаш және Мақтаарал аудандары аумағындағы көлік қозғалысына қатысты мәселелер пысықталды. Атап айтқанда, ауыр жүк көліктеріне арналған тұрақтар мен күту алаңдарын ұйымдастыру, санитариялық жағдайды жақсарту, жол белгілерін реттеу және қажетті инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағыттары қаралды.
    Бұдан бөлек, өткізу бекеттеріне іргелес аумақтарды егжей-тегжейлі жоспарлау, бас жоспарларды өзектендіру және жүк көліктерінің қозғалысына қажетті жол инфрақұрылымын орналастыру мүмкіндіктері талқыланды. Банк және сақтандыру қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.
    Мәжілісте шекаралық бақылау, кедендік рәсімдеу, жол қозғалысын ұйымдастыру және жергілікті инфрақұрылымды дамыту мәселелерін өзара байланыстыра шешудің маңызы атап өтілді. Осы ретте өткізу бекеттерінің тәуліктік өткізу мүмкіндігін, іс жүзінде өтетін көлік санын, кезекте тұрған жүк көліктерінің мөлшері мен күту уақытын нақты деректер негізінде бағалау қажеттігі айтылды. Мұндай талдау көлік ағынының қай кезеңде кідіретінін анықтап, кезекті азайтуға бағытталған нақты шараларды белгілеуге мүмкіндік береді.
    Сондай-ақ өткізу бекеттері арасындағы жүктемені үйлестіру, автотұрақтарды тиімді пайдалану және мемлекеттік органдар мен қызмет көрсетуші ұйымдардың өзара іс-қимылын күшейту мәселелері қаралды. Шекара маңындағы инфрақұрылымды дамыту халықаралық жүк тасымалының тиімділігін арттыруға, кәсіпкерлер үшін қолайлы логистикалық жағдай қалыптастыруға және өңірдің транзиттік әлеуетін кеңейтуге бағытталған.
    Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген міндеттерді іске асыру аясында Түркістан облысында өткізу бекеттерінің жұмысын жетілдіру, көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және инфрақұрылымдық-логистикалық мәселелерді кешенді шешу бағытындағы жұмыстар жалғасады.
    Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысының әкімдігі" жаңалықтары