1 / 5
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек жеке қабылдау өткізіп, өңір тұрғындарының талап-тілектері мен ұсыныстарын тыңдады.
Қабылдауға келген тұрғындар кәсіпкерлік қызмет пен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қатысты мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, азаматтардың бірі электромобиль шығаратын зауыт ашу жобасын іске асыруға қолдау көрсетуді сұрады. Сондай-ақ тұрғындар кәсіпкерлік саласына қатысты бірқатар мәселелерді көтеріп, аудан әкімдігі мен құқық қорғау органдарының жұмысына байланысты өтініштерін жеткізді.
Қабылдау барысында Қанат Қайыпбек азаматтардың өтініштері назардан тыс қалмайтынын атап өтіп, көтерілген мәселелерді жан-жақты зерделеуді тапсырды.
– Әрбір өтініш заң аясында қаралуы тиіс. Көтерілген мәселелер бойынша тиісті басқармалар мен жауапты мекемелер зерделеу жұмыстарын жүргізіп, нақты шешу жолдарын қарастырыңыздар. Әсіресе, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасау және азаматтардың құқықтарының сақталуы басты назарда болуы керек, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Азаматтардың өтініштері бойынша тапсырмалар орындалу барысы облыс әкімі орынбасарының бақылауына алынды.
Айта кетейік, облыс әкімі мен оның орынбасарлары азаматтарды жеке қабылдауды бекітілген кестеге сәйкес тұрақты түрде өткізіп келеді. Жеке қабылдауға жазу жұмыстарын Түркістан облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі жүргізеді. Тұрғындар қабылдауға e-Otinish бірыңғай базасы арқылы немесе Азаматтарды қабылдау орталығына келіп, жазбаша өтініш беру арқылы жазыла алады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі









