ОТЫРАРДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚОЛӨНЕРШІЛЕР ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

    1 / 4
    Отырар ауданында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының ұйымдастыруымен «Ұлы Жібек Жолы бойындағы керамика өндірісі: дәстүр, технология және жаңғырту» тақырыбындағы халықаралық қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесінің ашылу салтанаты өтті.
    Іс шараның басты мақсаты - Ұлы Жібек жолы бойында қалыптасқан керамика өндірісінің тарихи дәстүрлері мен технологиялық ерекшеліктерін насихаттау, дәстүрлі қолөнерді сақтау және жаңғырту, сондай-ақ түркі мемлекеттері арасындағы мәдени байланыстарды нығайту.
    Киелі Отырар өңірінде өткен игі бастамаға шетелдік қонақтар мен отандық шеберлер үлкен қызығушылық танытып, белсене қатысуда. Атап айтқанда, көршілес Өзбекстан Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Қырғызстан Республикасы, Ресей Федерациясы және еліміздің барлық өңірлерінен келген тәжірибелі керамика шеберлері өз туындыларын көпшілік назарына ұсынды.
    Іс-шараның ашылу салтанатына Отырар ауданы әкімінің орынбасары Тоқсейіт Елекеев, Тынық мұхиты мен Орталық Азия қолөнершілер кеңесінің вице-президенті, ҚР қолөнершілер одағының төрайымы, «Біздің мұра» қорының Президенті Айжан Беккулова, ҚР Суретшілер және архитекторлар одағының мүшесі, қыш шебері, дизайнер Марат Сарсебаев, «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының директоры Айбек Жандосовтар қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
    Жиын барысында аудан өнерпаздары ән шашуларын тарту етіп, мерекелік көңіл күй сыйлады.
    Салтанатты шараның маңызды сәті жәрмеңкенің ашылу лентасын қию рәсімі болды. Бұл құрмет Отырар ауданы әкімінің орынбасары Тоқсейіт Елекеевке, Қазақстан қолөнершілер одағының төрайымы Айжан Бекқұловаға және қыш шебері Марат Сарсебаевқа берілді.
    Салтанатты шарадан кейін қонақтар мен қатысушылар қолөнер шеберлерінің арнайы көрмесімен танысып, шеберлік сағаттарын тамашалады. Жәрмеңке жұмысы кешкі сағат 17:00-ге дейін жалғасатын болады.
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысы Отырар ауданы Қоғам ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары