1 / 5
Отырар ауданында тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасуда. Кезекті басқосу Қарақоңыр ауылдық округінде өтіп, ауыл тұрғындары мен қоғамдастық мүшелері белсенді қатысты.
Кездесу барысында аудан әкімдігінің заңгері Асхат Әмірхан ауыл өміріне қатысты маңызды шешімдерді тұрғындармен бірге қабылдаудың және ортақ жұмысты күшейтудің маңызын атап өтті. Өз кезегінде полиция инспекторы Талғат Меңлібаев балалардың қауіпсіздігі үшін ата-аналардың жауапкершілігі зор екенін еске салып, жасөспірімдердің кешкі уақытта үлкендерсіз көшеде жүрмеуі керектігін ескертті. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауыл тазалығын сақтауға шақырды.
Жиында барысында ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ш.Бейсенбиев бала тәрбиесі, ата-ананың жеке үлгісі және ұлттық құндылықтар туралы ой бөліссе, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маманы Қазыбек Әсетуллаев елде жүріп жатқан әлеуметтік реформалар туралы түсіндіріп өтті.
Кездесу соңында тұрғындар өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, мамандардан тиісті жауаптар мен түсініктемелер алды.









