Алматыда жастар тәуліктің кез келген уақытында білім алып, жобасымен айналысып, контент жасап, пікірлес жандармен таныса алатын жаңа кеңістік пайда болады. Бостандық ауданында жастарға арналған алғашқы тәулік бойы жұмыс істейтін комьюнити орталық ашылды. Бұл қалалық инфрақұрылымды тәулік бойы қолжетімді етуге бағытталған «Ұйықтамайтын қала» тұжырымдамасын жүзеге асыру жолындағы нақты қадамдардың бірі.
Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыны тәулік бойы тіршілігі тоқтамайтын қала ретінде дамыту міндетін айқындаған болатын. Мемлекет басшысы мегаполисті тұрғындар, бизнес өкілдері мен жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынатын, тәулік бойы жұмыс істейтін тартымды орталық ретінде дамытуға ерекше назар аударды.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды заманауи қалалық инфрақұрылымды дамытуға, жастар үшін қолайлы жағдай жасауға және олардың өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндіктерін кеңейтуге айрықша көңіл бөліп келеді. Қала саясатының басым бағыттарының бірі жастар жаңа білім алып, кәсіби дағдысын дамытып, бастамаларын жүзеге асырып, пікірлес жандарды таба алатын қолжетімді қоғамдық кеңістіктер қалыптастыру. Тәулік бойы жұмыс істейтін комьюнити орталықтың ашылуы осы бағыттағы тағы бір маңызды қадам болмақ. Бұл жастарға мегаполис мүмкіндіктерін тәуліктің кез келген уақытында пайдалануға жол ашады.
«Тәулік бойы жұмыс істеуге негізделген жаңа тәсіл енді жастар инфрақұрылымында да жалғасын табуда. Өйткені қазіргі өмір ырғағы әлдеқашан таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейінгі қалыпты жұмыс кестесімен шектелмейді. Студенттер түнде емтиханға дайындалады, жас кәсіпкерлер сабақтан кейін стартап жобаларымен айналысады, ал шығармашылық мамандық иелері көбіне шабытты түн ортасынан кейін табады. Жаңа комьюнити орталық дәл осындай жастар үшін уақыт идеясын дамытуға және жүзеге асыруға кедергі болмайтын орынға айналуға тиіс», – деді Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек.
Орталық Розыбакиев көшесі, 247/7 мекенжайында орналасқан. Жалпы аумағы 450 шаршы метр болатын үш қабатта білім беру, мансаптық даму, цифрлық технология, шығармашылық және қоғамдық бағыттар біріктірілген. Кеңістіктің басты ерекшеліктерінің бірі идеядан бастап оны іс жүзінде жүзеге асыруға дейінгі барлық кезеңнен бір жерде өтуге мүмкіндік болуында.
Мысалы, болашақ мамандығын әлі таңдамаған жастар кәсіби бағдар бойынша кеңес ала алады. Ал жұмыс іздеп жүргендерге түйіндеме әзірлеуге, сұхбаттасуға дайындалуға және бос жұмыс орындарын табуға көмектеседі. Қалалық мансап орталығында жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік қарастырылған. Ашылу рәсіміне қатысқан серіктестер қатарында HeadHunter, Alatau City Bank, JETI Group, Attractor School және басқа да ұйымдар бар.
Технологияларға қызығатын жастар үшін Game Dev Zone аймағы жұмыс істейді. Мұнда компьютерлік ойындар әзірлеу, бағдарламалау, виртуалды кеңістіктер құру және цифрлық дизайн бағыттарымен танысуға болады. Алдағы уақытта бұл алаңда тәжірибелік сабақтар, хакатондар мен командалық жобалар ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Шығармашылық индустрияларға да ерекше көңіл бөлінген. Орталықта подкаст жазуға арналған студия мен Media Room жабдықталған. Мұнда жастар сұхбат жазып, бейнероликтер түсіріп, әлеуметтік желілерге арналған материалдар әзірлеп, жеке брендін дамытып, кәсіби портфолиосын қалыптастыра алады.
Тағы бір маңызды бағыт – психологиялық қолдау. Жастар маманнан жеке кеңес алып, өздерін толғандыратын мәселелерді, өзін-өзі тану мен кәсіби даму бағытындағы мәселелерді талқылай алады.
Орталықта ашық дәрістер мен пікірталастар өткізуге арналған амфитеатр, сабақ оқып, бірлесіп жұмыс істеуге арналған коворкинг және бейресми кездесулерге, әңгімелесуге, жаңа жобаларды талқылауға арналған Kitchen Room кеңістігі де бар.
Ұйымдастырушылардың жоспарына сәйкес, аталған бағыттардың барлығы біртұтас жүйе ретінде жұмыс істеуге тиіс. Осылайша, жастар бір жерде білім алып, командасын құрып, қажетті дағды меңгеріп, жұмысқа орналасу немесе жеке кәсібін бастау жолындағы алғашқы қадамын жасай алады.
«Жастарға арналған тәулік бойы жұмыс істейтін кеңістіктің ашылуы Алматыны дамытудағы ауқымды көзқарасты көрсетеді. «Ұйықтамайтын қала» тұжырымдамасы мегаполистің өмір сүру ырғағы әртүрлі тұрғындар үшін қолжетімді әрі жайлы болуын көздейді. Білім алу, жұмыс істеу және өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндіктері тек тәулік уақытына тәуелді болмауға тиіс. Бұл ретте жаңа орталықтың басты міндеті – жастарға кездесуге немесе білім алуға арналған орын ұсыну ғана емес, жаңа бастамалардың, кәсіби мүмкіндіктер мен бірлескен жобалардың пайда болуына жағдай жасау», – деді Азиз Кажденбек.
Көптеген университет, колледж, білім беру және шығармашылық ұйым шоғырланған Алматыда мұндай формат студенттер, еңбек жолын енді бастаған мамандар, кәсіпкерлер мен креативті индустрия өкілдері үшін сұранысқа ие алаңға айналуы мүмкін. Негізгі идея қарапайым: егер жастың білім алуға, жаңа дүние жасауға және дамуға деген ынтасы болса, тіпті, жарым түнде де қала оған осындай мүмкіндік ұсынуға тиіс.









