Алматыда қалалық Жастар саясаты басқармасының өкілдері «Талдау мектебі. Алматы» жобасының қатысушыларымен кездесті. Іс-шараның басты оқиғасы қалалық алғашқы Талдау мектебінің түлектері дайындаған «DATA-DRIVEN CITY: мегаполистің тұрақты дамуы» атты аналитикалық зерттеулер жинағының таныстырылымы болды.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Президентінің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауы талқыланды. Атап айтқанда, қаланы дамыту мәселелерін шешуде аналитикалық зерттеулерді қолданудың міндеттері мен мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
«Талдау мектебі. Алматы» жобасы алғаш рет 2026 жылы жүзеге асырылды. Жобаға қатысу үшін 218 өтінім түсіп, 65 адам оқуды сәтті аяқтады. Алты апта бойы жас мамандар аналитикалық жұмыс әдістерін меңгеріп, өз зерттеулерін дайындады. Олардың нәтижелері «DATA-DRIVEN CITY: мегаполистің тұрақты дамуы» атты жинаққа енгізілді.
Іс-шараға ғылыми қауымдастықтың, жоғары оқу орындарының, бизнес пен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ жоба түлектері қатысты. Негізгі назар дайындалған зерттеулерді тәжірибеде қолдануға және Алматыда қаланы дамытуға қатысты шешімдерді талқылауға қатыса алатын жас сарапшылар қауымдастығын қалыптастыруға аударылды.
Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мирас Нысаналиев жас аналитиктерді даярлау қала жастарының зияткерлік әлеуетін дамыту бағытындағы маңызды жұмыстардың бірі екенін атап өтті.
«Бүгінде Алматыға деректермен жұмыс істей алатын, мәселелерді жан-жақты талдап, негізделген шешімдер ұсына білетін жас мамандар қажет. «Талдау мектебі. Алматы» жобасы дәл осы мақсатқа бағытталған. Алты апта ішінде қатысушылар білім алып, өз зерттеулерін дайындады. Ендігі маңызды міндет – бұл жұмысты жалғастырып, жас сарапшылардың ұсыныстарын қаланы дамытуда тәжірибелік тұрғыдан қолдану мүмкіндіктерін қарастыру», – деді Мирас Нысаналиев.
Алматыда 770 мыңға жуық жас тұрады. Қалада 36 жоғары оқу орны жұмыс істейді, оларда 238 мыңнан астам студент білім алуда. Сонымен қатар 131 ғылыми ұйымда 11 мыңға жуық зерттеуші еңбек етеді. Олардың 7 мыңы – жас ғалымдар.
Жастардың ғылыми және зияткерлік әлеуетін дамыту қалалық жастар саясатының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының қолдауымен қалада жас мамандардың кәсіби дамуына және олардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуына бағытталған бастамалар жүзеге асырылуда.
Кездесу барысында қатысушылар жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың заманауи басқару және шешім қабылдау үдерістеріне әсерін де талқылады.
«Біз Алматыда қаланы дамытуға қатысты шешімдерді кәсіби деңгейде талқылауға қатыса алатын жас сарапшылар қауымдастығын қалыптастыруға мүдделіміз. Ол үшін жастардың білімі мен зерттеу дағдыларын оқу аудиторияларынан тыс жерде тәжірибеде қолдануына жағдай жасау қажет. Талдау мектебі осындай мүмкіндік беріп, түрлі кәсіби салалардағы жастардың басын біріктіреді», – деп толықтырды басқарма басшысының орынбасары.
Іс-шара соңында қатысушыларға алты апталық зерттеу жұмыстарының нәтижелері жинақталған «DATA-DRIVEN CITY: мегаполистің тұрақты дамуы» атты басылымның даналары табысталды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









