Тегін курстардан жеке кәсіпке дейін: Алматыда 2 мыңнан астам жас жаңа мамандықтарды меңгерді

    1 / 7

    Алматыда Skill All жобасы аясында 2 мыңнан астам жас тегін білім алды. Қатысушылар IT, маркетинг, дизайн және іс-шараларды ұйымдастыру салаларындағы сұранысқа ие мамандықтарды меңгеріп, алған білімдері мен дағдыларын жұмысқа орналасу және жеке жобаларын дамыту барысында қолдануда. Бұл туралы Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасы хабарлады.

    2026 жылғы 2 қарашадағы мәлімет бойынша, жоба аясында 2 058 адам оқудан өтті. Барлығы 67 офлайн курс ұйымдастырылды. Сонымен қатар JasAlmaty.kz платформасында қазақ және орыс тілдерінде 30 білім беру бағдарламасы онлайн форматта қолжетімді.

    Жоба түлектерінің бірі – Нұриттин Орынбеков. Ол іс-шараларды ұйымдастыру курсын аяқтағаннан кейін өзінің Nauryz Fest фестивалін өткізді. Бастапқыда 500–600 қонақ келеді деп жоспарлағанымен, нәтижесінде фестивальге мың билет сатылған.

    Гузеля Тұрғанова да осы бағыттағы оқудан кейін City Makers қалалық фестивалінде ақылы тағылымдамадан өтіп, әртістермен жұмыс істеді. Кейін іс-шараларды ұйымдастырумен айналысатын компанияға басшының ассистенті болып жұмысқа орналасты.

    Тағы бір түлек Әсет Хисаров бренд-менеджмент курсын аяқтап, өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасты. Оның айтуынша, оқу барысында алған білімі брендтерді ілгерілетуге, коммуникация орнатуға және түрлі жобаларды ұйымдастыруға көмектесуде.

    Кәсіпкер Әлібек Оразалиев таргеттелген жарнама бойынша алған білімін автокөлік қозғалтқыштарына қызмет көрсететін жеке кәсібін дамытуға пайдаланды. Курстан кейін ол сатылым көлемі мен әлеуметтік желілердегі қамту көрсеткіштерінің артқанын атап өтті.

    Skill All жобасы аясында жастар Python бағдарламалау тілін, QA-тестілеуді, графикалық дизайнды, маркетингті, жобаларды басқаруды және жасанды интеллект құралдарын тегін меңгере алады. Сондай-ақ сәулеттік жобалау және BIM-модельдеу бағыттары бойынша курстар қарастырылған.

    Офлайн сабақтар Алматы қаласындағы жастар комьюнити-орталықтарында, жоғары оқу орындары мен білім беру ұйымдарында өткізіледі. Жоба мемлекеттік жастар саясаты аясында жүзеге асырылып, жұмыс істемейтін және білім алмайтын NEET санатындағы жастарды да қамтиды.

    Оқу бағдарламалары туралы толық ақпаратты JasAlmaty.kz сайтынан алуға болады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы" жаңалықтары