Алматыда қазақстандық және шетелдік ғалымдарды, философтарды, оқытушылар мен жас зерттеушілерді біріктірген «Қазақстан қоғамының философиясы: құндылық бағдарлары мен даму перспективалары» атты IV Қазақстандық философиялық конгресс өтуде. Бұл туралы Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасы хабарлады.
Конгресс қатысушыларының басты назарында ұлттық бірегейлік, рухани-адамгершілік құндылықтар, білім беру жүйесін дамыту және цифрлық технологиялардың қазіргі қоғамға әсері мәселелері тұр. Іс-шара бағдарламасы аясында пленарлық отырыстар, ғылыми пікірталастар, дөңгелек үстелдер мен студенттермен кездесулер ұйымдастырылуда.
Конгресте жастар тәрбиесіне, мәдени мұраны сақтауға және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Адал азамат» тұжырымдамасының қағидаттарына ерекше көңіл бөлінді.
«Бүгінде жастар ақпараттың орасан зор көлеміне қол жеткізе алады. Алайда цифрлық дағдылармен қатар сыни ойлау, болып жатқан оқиғаларды сараптау және өз бетінше шешім қабылдау қабілеттерін дамыту аса маңызды. Философия жас адамның өз іс-әрекетін саналы түрде бағалауына, қоғам алдындағы жауапкершілігін түсінуіне және өмірлік ұстанымдарын қалыптастыруына ықпал етеді. Дәл осы қасиеттер «Адал азамат» қағидаттарының негізін құрайды», – деп атап өтті Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек.
Бағдарламаның жеке бөлімі жасанды интеллект мәселелеріне арналды. Ғалымдар оның білім алу тәсілдеріне әсерін, жаңа технологияларды пайдалануға байланысты ықтимал тәуекелдерді және цифрландыру жағдайында дербес ойлау қабілетін сақтаудың маңыздылығын талқылады.
Конгресс аясында түркі және дала философиясы, ғылыми зерттеулер, сондай-ақ білім беру жүйесінде философиялық ойлау мәдениетін қалыптастыру бағыттары бойынша тақырыптық алаңдар жұмыс істеуде.
Азиз Қажденбектің айтуынша, мұндай зияткерлік алаңдарды ғылыми конференциялар шеңберімен шектемей, студенттер мен жас мамандарды кеңінен тарта отырып дамыту маңызды.
Конгресс 3–19 қараша аралығында Қазақстанның бірнеше қаласында өтуде. Алматыдан бөлек, іс-шаралар Астана, Қарағанды, Қостанай, Өскемен және басқа да қалаларда жоспарланған. Бағдарлама аясында философиялық эсселер байқауы, жас ғалымдармен кездесулер және зияткерлік ойындар өткізу де көзделген.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








