Алматыда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығын мерекелеу аясында «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттық жобасының жеңімпаздары марапатталды. Ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, бизнес, волонтерлік және медиа салаларындағы перспективалы бастамалардың 13 жас авторы өз жобаларын жүзеге асыру үшін 1 млн теңгеден грант алды. Гранттық қолдаудың жалпы көлемі 13 млн теңгені құрады. Бұл туралы Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасы хабарлады.
Жоба талантты және бастамашыл жастарды қолдауға, олардың кәсіби, зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамытуға, сондай-ақ перспективалы идеяларды нақты жобаларға айналдыру үшін жағдай жасауға бағытталған. Қоғамға практикалық пайда әкелетін, қалалық ортаның дамуына ықпал ететін және жас мамандар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын бастамаларға ерекше назар аударылады.
Биыл гранттық қолдау алты бағыт бойынша көрсетілді. Ғылым, мәдениет, волонтерлік, ақпараттық технологиялар және медиа бағыттары бойынша екі жеңімпаздан анықталса, бизнес бағыты бойынша үш жас кәсіпкер грант иегері атанды. 13 грант иегерінің әрқайсысына өз бастамасын жүзеге асыру үшін 1 млн теңгеден бөлінді.
Жеңімпаздарды іріктеу барысында конкурстық комиссия ұсынылған идеялардың өзектілігі мен жаңашылдығын, әлеуметтік маңыздылығын, практикалық тұрғыдан іске асыру мүмкіндігін және күтілетін нәтижелерін ескерді. Қатысушылар заманауи технологияларды, кәсіпкерлікті, мәдениетті дамытуға және қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған бастамаларын ұсынды.
Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының жастарды әлеуметтендіру және ақпараттық сүйемелдеу бөлімінің басшысы Ермұхаммед Палмағанбетов Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында жас таланттарды қолдаудың айрықша маңызға ие екенін атап өтті.
«Тәуелсіздіктің басты жетістіктерінің бірі – өз болашағын туған елінде құруға ұмтылатын жасампаз ұрпақтың қалыптасуы. Бүгінгі шағын бастама ертең үлкен ғылыми жаңалыққа, табысты бизнеске немесе қоғам өмірін өзгертуге қабілетті жаңа шешімге айналуы мүмкін. Біздің міндетіміз – жастардың идеялары қолдау тауып, нақты нәтижеге айналуы үшін қажетті жағдай жасау», – деді Ермұхаммед Палмағанбетов.
Алматы – Қазақстанның ірі жастар, білім беру және инновациялық орталықтарының бірі. Бүгінде қалада ғылымның, кәсіпкерліктің, цифрлық технологиялардың, мәдениеттің және қоғамдық бастамалардың дамуына белсенді үлес қосып жүрген 770 мыңға жуық жас тұрады.
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының қолдауымен қалада жастардың әлеуетін ашуға, кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға, жас ғалымдарды қолдауға және кәсіби тұрғыдан өзін-өзі жүзеге асыруына мүмкіндік беретін жобалар іске асырылуда.
«Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы аясында ерекше маңызға ие. Тәуелсіздік жылдарында өз идеяларын жүзеге асырумен қатар, елдің дамуына үлес қосуға ұмтылатын жастардың жаңа буыны қалыптасты. Осындай бастамаларды қолдау қаланың зияткерлік, экономикалық және шығармашылық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.
Байқауды Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен «Алматы студенттер Альянсы» корпоративтік қоры ұйымдастырды.
Салтанатты марапаттау рәсімінде жеңімпаздарға гранттық сертификаттар табысталды. Көрсетілген қолдау жас авторларға өз жобаларын іске асыруға, әзірлемелерін дамытуға, кәсіпкерлік бастамаларын қолға алуға және әлеуметтік маңызы бар идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Жеңімпаз жобалардың іске асырылуы жастар кәсіпкерлігінің, ғылыми зерттеулердің, креативті индустриялар мен қоғамдық бастамалардың дамуына ықпал етіп, Алматының талантты жастарына өз әлеуетін жүзеге асыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








