Қол – ауруханаішілік инфекциялардың берілу факторы ретінде
Күн сайын бүкіл әлем бойынша мыңдаған адам медициналық көмек көрсету кезінде жұғатын инфекциялармен кездеседі.
Микроорганизмдердің берілуінің негізгі жолдарының бірі – қол арқылы жұғу. Сондықтан қол гигиенасын сақтау инфекциялардың алдын алудың ең қарапайым әрі тиімді шараларының бірі болып табылады.
Көптеген жағдайларда инфекция қоздырғыштары медициналық персоналдың қолы арқылы бір науқастан екінші науқасқа беріледі.
Инфекцияның таралуында медициналық персоналдың жұқтырған науқастармен немесе қоршаған орта объектілерімен байланыс нәтижесінде қол терісіне түскен микроорганизмдер ерекше қауіп төндіреді. Бұл микроорганизмдер қол терісінде сақталған уақыт ішінде жанасу арқылы науқастарға берілуі және инфекцияның одан әрі таралуына ықпал ететін әртүрлі қоршаған орта объектілерін ластауы мүмкін.
Медициналық персоналдың қолын жуу – ауруханаішілік инфекциялардың таралуының алдын алудың ең қарапайым әрі сонымен қатар өте тиімді шарасы.
Қолды өңдеудің үш деңгейі бар:
1. Тұрмыстық деңгей – қолды механикалық жолмен жуу. Мысалы, дәретханадан кейін, төсек-орын жабдықтарын ауыстырғаннан, бөлмені жинағаннан, артериялық қан қысымын өлшегеннен кейін қолды жуу.
2. Гигиеналық деңгей – тері антисептиктерін қолдану арқылы қолды өңдеу. Мысалы, көктамырішілік, бұлшықетішілік инъекцияларды жасар алдында және кейін, жараларға манипуляциялар жүргізер алдында және кейін қолды өңдеу.
3. Хирургиялық деңгей – кез келген хирургиялық араласу алдында қолды арнайы белгіленген реттілікпен өңдеу және одан кейін стерильді қолғап кию.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) әрбір медицина қызметкері сақтауы тиіс қол гигиенасының 5 негізгі сәтін анықтайды:
- Науқаспен байланысқа түсер алдында;
- Таза немесе асептикалық емшараны орындау алдында;
- Биологиялық сұйықтықтармен жанасу қаупінен кейін;
- Науқаспен байланысқаннан кейін;
-Науқастың айналасындағы заттармен және қоршаған орта объектілерімен жанасқаннан кейін.
Қол жуу ережелерін сақтамау ауруханаішілік инфекциялардың таралуының негізгі себептерінің бірі болып табылады.
Жұқпалы аурулардың өзекті мәселелерінің бірі – жедел ішек инфекциялары. Жедел ішек инфекциялары қоздырғыштарының негізгі берілу жолы – фекальды-оральды жол. Бұл жағдайда ластанған қолдар инфекцияның берілу факторы болуы мүмкін.
Жедел ішек инфекцияларының алдын алу шараларына санитариялық-эпидемияға қарсы режимді және қол гигиенасы ережелерін қатаң сақтау жатады. Медицина қызметкерлері науқаспен байланысқа дейін және одан кейін, сондай-ақ медициналық емшараларды орындағаннан кейін және ықтимал ластанған беткейлермен жанасқан соң қолдарын сабынмен мұқият жуып, тері антисептигімен өңдеуі қажет.
Қол гигиенасы ережелерін сақтау – жедел ішек инфекцияларының алдын алудың ең тиімді әрі қолжетімді тәсілдерінің бірі.
Қолыңызды үнемі және дұрыс жууды ұмытпаңыз! Деніңіз сау болсын!
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









