Солтүстік Қазақстан облысында 40 жас полицейге тергеу изоляторына экскурсия ұйымдастырылды. Құқық қорғау қызметіне жуырда ғана кіріскен жас қызметкерлер күдіктілердің өмірімен, адамды қоғамнан оқшаулауға арналған мекеменің тыныс-тіршілігімен танысты.
Мұндай іс-шараларды СҚО полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында өткізеді. Басты міндет – жас қызметкерлерге заңсыз әрекеттердің салдарын түсіндіру, олардың мансабын құртып, ұзақ жылдарға бас бостандығынан айыруы мүмкін екенін ескерту.
Тергеу изоляторына бару – профилактикалық жұмыстың дәстүрге айналған түрі. СҚО полиция департаментінде мұндай кездесулер айына кемінде бір рет өткізіледі. Шілде айынан бері Петропавл қалалық полиция басқармасы мен аудандық полиция бөлімдерінің 200-ге жуық жас қызметкері осындай экскурсияға қатысты.
Түсіндіру әңгімелерімен қатар жүргізілетін бұл тәжірибе барлық бөлімшелерді қамтиды. Дегенмен, халықпен тікелей байланыста жұмыс істейтін учаскелік инспекторларға, патрульдік полиция қызметкерлеріне және басқа да қызмет өкілдеріне басымдық беріледі.
Полиция қатарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – қызметкерлердің берік ұстанымы әрі «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асырудың маңызды бөлігі.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









