Түнгі сағат бір жарым шамасында Петропавл көшелерінде рейд жүргізген полиция қызметкерлері Батыр Баян көшесінде жүргізушісі күмәнді әрекет жасаған кроссоверге назар аударды. Ол жанармай құю станциясына тоқтап, қозғалтқышты бірнеше рет өшіріп, қайта іске қосқан. Тексеру барысында 43 жастағы Петропавл тұрғынының мас күйде болғаны және аяғында әрең тұрғаны анықталды.
Ер адам отбасылық мәселелерге байланысты ішімдік ішкенін айтты. Полицейлердің айтуынша, жүргізушінің мұндай күйде жол-көлік оқиғасына себепкер болу ықтималдығы өте жоғары болған.
Көлікті мас күйде басқарғаны үшін 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және 7 жылға көлік құралдарын басқару құқығынан айыру жазасы көзделген. Бұл – заңды өрескел бұзу және айналадағы адамдардың қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіру.
Жыл басынан бері полицейлер Солтүстік Қазақстан облысының жолдарында мас күйде көлік басқарған мыңнан астам жүргізушіні ұстады. Мұндай деректерді анықтау – жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысының маңызды бөлігі. «Заң мен тәртіп» қағидаты баршаға ортақ.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








