Петропавл қаласындағы Фурманов көшесінде түнгі рейд барысында полицейлер «Mazda» автокөлігін тізгіндеген 30 жастағы қала тұрғынын тоқтатты. Жүргізушінің көлік басқару құқығын беретін куәлігі болмаған. Сонымен қатар, одан алкоголь иісі сезілген.
Полицейлер ер адамды наркологиялық орталыққа жеткізді. Медициналық куәландыру оның алкогольдік масаң күйде болғанын көрсетті. Құқық бұзушы қонақта болып, спирттік ішімдік ішкенін жасырмады. Тәртіп сақшылары аталған дерек бойынша тиісті материалдар жинақтады. Сот шешімімен құқық бұзушы 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алынды.
Полицейлер мас күйінде көлік басқаруға қатаң тыйым салынатынын ескертеді. Түнгі қаланың көшелері бос болған күннің өзінде, мас жүргізуші қайғылы салдарға әкеп соғуы мүмкін жол-көлік оқиғасын жасау қаупін төндіреді.
Жалпы, жыл басынан бергі 10 айда Солтүстік Қазақстан облысында мас жүргізушілердің кінәсінен 23 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 2 адам қаза тауып, 29 адам жарақат алған.
«Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында полицияның рейдтік іс-шаралары тұрақты түрде өткізіліп келеді. Олардың басты мақсаты – адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








