Бүгін Шымкент қаласында ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі М. Ошурбаевтың қатысуымен экологиялық мәселелерге арналған кездесу өтті.
Кездесуде тұрмыстық қалдықтарды басқару, қоршаған ортаның сапасын жақсарту, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жүйесін дамыту мәселелері қаралды.
Атап айтқанда, қалада қалдықтарды бөлек жинауға арналған заманауи контейнер алаңшаларын орнату жұмыстары таныстырылды. Қазіргі таңда жоба 8 мекенжайда жүзеге асырылып, тағы 3 мекенжайда орнату жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта қаланың 5 ауданында 100-ге жуық осындай алаңша орнату жоспарланған.
Сонымен қатар, «Ақтас-1» полигоны маңында қатты тұрмыстық қалдықтарды термиялық өңдеу арқылы электр энергиясын өндіретін зауыт салу жобасы талқыланды. Құны 53,9 млрд теңгені құрайтын нысан жылына 330 мың тонна қалдық өңдеп, 24 МВт электр энергиясын өндіруге қауқарлы. Жобаны 2026–2028 жылдары іске асыру жоспарланған. Қазіргі уақытта құрылысқа дайындық және жобалау жұмыстары жүргізілуде.
Кездесу барысында атмосфералық ауаның сапасына қатысты мәселелерге де ерекше назар аударылды. Қаладағы ауа ластануының негізгі факторлары ретінде өнеркәсіптік кәсіпорындардың шығарындылары мен автокөліктерден бөлінетін зиянды заттар аталды.
Қазіргі таңда атмосфералық ауа сапасы «Қазгидромет» РМК-ның 6 бақылау бекеті арқылы бақыланады. 2025 жылғы мониторинг қорытындысы бойынша қаладағы ауаның ластану деңгейі жоғары деп бағаланған. Осыған байланысты бақылау бекеттерінің санын 15–20-ға дейін арттыру, әсіресе халық тығыз орналасқан және экологиялық тәуекелі жоғары аумақтарда мониторингті күшейту ұсынылған.
Сондай-ақ тұрғындардың жағымсыз иістерге қатысты шағымдары, оның ішінде кешкі және түнгі уақыттағы ауа сапасы мәселелері көтерілді. Осыған байланысты ауа құрамына тұрақты өлшеу жүргізу, ластану көздерін анықтау және өндірістік кәсіпорындардың экологиялық талаптарды сақтауын бақылау қажеттігі айтылды.
Айта кетейік, Шымкент қаласы әкімінің 2026 жылғы 7 қазандағы №45-ө өкімімен мемлекеттік органдар мен қоғамдық белсенділер өкілдерінен құралған экологиялық мәселелер жөніндегі жұмыс тобы құрылған. Жұмыс тобының негізгі міндеті – өндірістік кәсіпорындардың экологиялық заңнама талаптарын сақтауын зерделеу, қоршаған ортаға кері әсерді төмендету және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың тиімділігін бағалау.
Бұдан бөлек, болашақ эколог мамандарды қолдау, білім гранттарын қарастыру, өндірістік тәжірибе мен тағылымдамадан өту мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ экологиялық туризмді дамыту мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, кездесу аясында ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі М. Ошурбаев азаматтардықала тұрғындарыменжеке қабылдау өткізіп, экологиялық мәселелерге қатысты өтініштер мен ұсыныстарды тыңдады. Бұдан бөлек, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне брифинг өткізіп, журналистердің сауалдарына жауап берді. Брифинг барысында қаладағы экологиялық ахуал, қоршаған ортаны қорғау және алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар жөнінде түсініктемелер берілді.
Кездесу қорытындысында экологиялық ахуалды жақсарту, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру, атмосфералық ауаның сапасын бақылауды күшейту және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырудың маңыздылығы атап өтілді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









