Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде қазақстандық және шетелдік ғалымдар жоғары оқу орындарында сабақ беру мен студенттердің білім алуында жасанды интеллектіні қолдану жолдарын талқылады. Кездесуде жоғары оқу орындарын цифрлық жаңғырту міндеттеріне, маман даярлаудың жаңа тәсілдеріне және білім беру технологиялары саласында бірлескен зерттеу жүргізу мүмкіндіктеріне назар аударылды.
«Жоғары білімді жаңаша пайымдау: жасанды интеллект, инновациялар және оқыту мен білім алудың болашағы» атты халықаралық вебинарды ұйымдастыруға Гонконгтегі Қытай университетінің (CUHK) профессоры Фан Синг Хунг қатысты. Ол ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің шетелдік ғалымдарды тарту бағдарламасы аясында Қарағандыға академиялық сапармен келген. Бағдарлама қазақстандық жоғары оқу орындарына халықаралық сарапшылармен тәжірибе алмасуға және шетелдік университеттермен ғылыми байланыстарын нығайтуға мүмкіндік береді.
Гонконгтегі Қытай университетінің профессоры Кам Фай Вонг «AI + Education» атты негізгі баяндамасында жасанды интеллектіні білім беруде қолдану тәсілдерін таныстырды. Талқылауға Қытай халық университетінің профессоры әрі Массачусетс технологиялық институтының шақырылған зерттеушісі Цзинь Лю, профессор Амир Мосави, доктор Брендан Дюпре және ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Цифрландыру және инновациялар институтының директоры Мұрат Қожанов та қатысты.
Вебинарға Қазақстан, Қытай, Әзербайжан, Мажарстан және өзге де елдердің оқытушылары мен зерттеушілері қатысты. Олардың қатарында Әзербайжан техникалық университетінің, Обуда университетінің, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің, Margulan University, Нархоз университетінің және басқа да жоғары оқу орындарының өкілдері болды. Қатысушылар алдағы ынтымақтастықтың бір бағыты ретінде оқу үдерісінде ЖИ қолдану мәселелерін бірлесіп зерттеу мүмкіндігін қарастырды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









