Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің студенті Жігер Алматай джиу-джитсудан кәсіби спортшылар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Қазақстан құрамасының атынан өнер көрсеткен спортшы қоңыр белбеу иегерлері арасында 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды.
Чемпионат 19-21 қараша күндері Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Дабиде өтті. Abu Dhabi World Professional Jiu-Jitsu Championship 2026 жарысында қатысушылар белбеу деңгейі мен салмақ дәрежесіне қарай сынға түсті.
Жігер Алматай университеттің Сәулет-құрылыс факультетінің С-23-1 тобында оқиды. Екі ай бұрын ол Абу-Дабиде өткен Азия чемпионатында да қоңыр белбеу иегерлері арасында 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, күміс медаль иеленген еді.
Спортшы бұған дейін жастар арасындағы халықаралық жарыстарда да жеңіске жеткен. 2025 жылы Жігер Алматай 21 жасқа дейінгі спортшылар арасында 77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Азия чемпионы атанды. Сол жылы осы жас және салмақ санатында әлем біріншілігін де жеңіп алды.
Жігер Алматайдың халықаралық жарыстардағы жетістіктерінің қатарында VI Ислам ынтымақтастығы ойындарының алтын медалі де бар. Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен ойындардың финалында қазақстандық спортшы Біріккен Араб Әмірліктерінің өкілі Махди Алаулакиді жеңді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








