Солтүстік Қазақстан облысында Kozybayev University бастамасымен «Soltustik Student Forum» республикалық студенттер форумы алғаш рет өтіп жатыр. Екі күндік іс-шараға Kozybayev University студенттерімен бірге Астана, Көкшетау, Қостанай, Павлодар және Қарағанды қалаларындағы 11 жоғары оқу орнының білім алушылары қатысып жатыр.
Форумның мақсаты – жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайту, студенттердің тәжірибе алмасуына және бірлескен бастамаларды іске асыруына мүмкіндік жасау. Қатысушылар Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген негізгі бағыттарды, сондай-ақ жаңа Конституцияның негізгі ережелері мен олардың маңызын талқылайды.
Панельдік сессияны ашқан Kozybayev University-дің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі басқарма мүшесі Әділхан Төлепберген форумның өңірдегі студенттік қауымдастықты нығайтуға және жастардың көшбасшылық қабілетін дамытуға бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, бағдарламада «Толық адам», «Адал азамат», «Заң мен тәртіп», «Оқитын ұлт» қағидаттарына, сондай-ақ бірлік пен ынтымақ, жасампаздық пен жаңашылдық құндылықтарына мән берілген.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан форумға онлайн қатысып, Қазақстанның алдағы 10-15 жылдағы дамуы бүгінгі жастарға тікелей байланысты екенін атап өтті. Ол студенттердің қоғамдық белсенділігі мен білімге ұмтылысының маңызына тоқталды.
Форум бағдарламасына «Қазіргі қоғамдағы әйелдер көшбасшылығы», «Жаңа Конституция аясындағы заманауи коммуникациялар» және «Жеке бренд қалыптастырудағы жасанды интеллект» тақырыптарындағы практикалық сабақтар енгізілген. Сондай-ақ қатысушылар үшін өңірдің тарихи-мәдени мұрасымен таныстыратын экскурсиялар, зияткерлік ойындар мен шеберлік сабақтары қарастырылған.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









