Түркістан қаласындағы №5574 әскери бөлімінде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы және «Біртұтас ұлт – біртұтас әскер» жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бағдарламасы аясында «Әскердегі бір күнім!» атты ашық есік күні ұйымдастырылды.
Тағылымды шараға қаладағы білім беру ұйымдарынан 150-ден астам оқушы қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің беделін арттыру, әскери қызметтің ерекшеліктерін таныстыру, әскери мамандықтарды насихаттау, сондай-ақ жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыру.
Ашық есік күні барысында оқушылар әскери бөлімнің саптық алаңында сап түзеп, әскери пәрмендерді орындап көрді. Сонымен қатар казармалық ғимараттарды аралап, сарбаздардың күнделікті тыныс-тіршілігімен танысты. Әскери бөлімнің құрылу тарихы, жауынгерлік жолы мен бүгінгі қызметі туралы мағлұмат алды.
Бұдан бөлек, оқушыларға АК-74 автоматы мен басқа да қару-жарақ үлгілері, әскери киім нысандары таныстырылды. Сондай-ақ әскери техника мен көлік құралдарының мүмкіндіктері және оларды қолдану ерекшеліктері түсіндірілді.
Ашық есік күні оқушыларға әскери қызметтің қыр-сырын жақыннан танып, әскери өмірдің өзіндік тәртібі мен талаптарын сезінуге мүмкіндік берді. Мұндай тағылымды шаралар жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге, әскери қызметтің маңызын түсіндіруге және Отан қорғау ісіне деген құрметті арттыруға бағытталған. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









