Отырар ауданына қарасты Көксарай ауылында 190 орындық жаңа «Көксарай» бөбекжай-балабақшасы ашылып, ауыл тұрғындары қуанышты жаңалыққа куә болды.
Жаңа әлеуметтік нысанның салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысының білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов пен Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай қатысып, ауыл тұрғындарын игілікті істің жүзеге асуымен құттықтады.
Аудан әкімі өз сөзінде бала тәрбиесі мен білім беру саласына салынған әрбір инвестицияның ел болашағы үшін маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, бүлдіршіндерге сапалы тәрбие мен білім алуға қолайлы жағдай жасау ауданның басым бағыттарының бірі екенін жеткізді.
Салтанатты шарада ауданның Құрметті азаматы Оңал Тоқбергенов пен білім саласының ардагері, ауданның Құрметті азаматы Мейрамкүл Тұрлыбек сөз сөйлеп, ауыл жұртшылығын жаңа балабақшаның ашылуымен құттықтады. Олар бүлдіршіндердің болашағына арналған игі бастамаға ақжарма тілектерін білдірді.
Бес мыңнан астам тұрғыны бар Көксарай ауылында жаңа балабақшаның ашылуы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігін арттырып, ата-аналарға қолайлы жағдай жасауға және балалардың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді. Заманауи талаптарға сай салынған нысан ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға да үлес қосады.
Балабақшаның салынуына және ел игілігіне берілуіне ұйытқы болған құрылтайшы Мүталхан Саттар Нұржанұлына ауылдың әлеуметтік дамуына қосқан үлесі мен азаматтық жанашырлығы үшін аудан әкімінің арнайы Алғыс хаты табысталды.
Салтанатты рәсімнен кейін аудан әкімі мен шараға қатысушылар жаңа балабақшаны аралап, ғимараттың бөлмелерімен, бүлдіршіндерге жасалған жағдайлармен және нысанның материалдық-техникалық жабдықталуымен танысты.
Ұлт болашағы – ұрпақ тәрбиесінде. Бүлдіршіндерге қамқорлық көрсетіп, сапалы тәрбие мен білім алуына жағдай жасау – елдің ертеңгі іргесін бекемдеудің маңызды негізі.
Жаңа балабақша Көксарай ауылындағы бүлдіршіндердің шат күлкісіне толып, тәрбие мен танымның, мейірім мен ізгіліктің ордасына айналмақ.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









